Алматы облысы Іле ауданының әкімдігі мемлекеттік қызметкерлерден бастап, мектеп мұғалімдеріне дейін жаппай ақша жинап жатыр. Аудан басшылығы Өтеген батырдың ескерткішін салуға қажетті қаржыны халықтан жинау жөнінде үндеу тастаған. Сондай-ақ әкімдік, мектеп, аурухана сынды өзгеде мекемелердің қызметкерлері бір күндік жалақыларын ерікті түрде береміз деп қол хат жазулары тиіс. Ал ескерткішті елдің есебінен тұрғызбақ болған ауданның басшылығы не деп ақталды?
Ақша жинау жөнінде ауданнан жеткен бұйрықты бұлжытпай орындауы тиіс мектеп кәсіподағы өз араларындағы WhatsApp тобына таратқан. Онсызда ақша жинаудан титықтаған ұстаздардың арасында енді ескерткішке деп ақша алу жұмысы қызу талқыға түсіп жатыр. Кенен Әзірбаев атындағы №15 меткеп мұғалімдері 500 теңгеге қиналса, аудан орталығындағы оқу ошақтары бір күндік жалақыларын аударуға шешім шығарған.
«Біздің мектепте 153 мұғалім бар. Мысалы, мен өзім бір күндік жалақымды аударамын дедім. Осы ойымды ұжымға айтқанда толығымен мақұлдады. Мен мұғалімдерге толығымен сенемін. Тексере аламын», - деді Алматы облысы іле ауданы М.Мақатаев атындағы №13 мектептің директоры Ғалия НӘДІРБЕКОВА.
Аудандағы 48 мектеп қана емес, өзгеде мекемелердің басшылары ұжымын ұйыған айрандай жинай отырып, мәселенің «маңыздылығын» түсіндірулері тиіс. «Бір күндік жалақымды алсын» деген қолхаттан соң, бухгалтер ақшаны бірден қоғамдық қорға аударуы тиіс. Аудандық мәслихат хатшысының айтуынша, бір министрдің қарт әкесі мың доллар, тағы бір тұрғын бір айлық зейнетақысын беріп үлгерген.
«Екі апта бұрын «Іле мұрагері» қоғамдық қоры ақша жинау жөнінде мәслихат пен қоғамдық кеңеске ұсыныспен шықты. Ескерткіш тұрғындар жинаған қаржыдан салынса, көгалдандыру жұмыстары жергілікті бюджет есебінен жасалынбақ. Қазір әрбір еңбек ұжымдарымен түсіндірме жұмыс жүргізіліп жатыр. Қаржы ашық болады», - деді Алматы облысы Іле ауданы мәслихатының хатшысы Роза ӘБІЛОВА.
Бюджетті бұқарадан бастауды шешкен аудан басшылары ескерткішке қанша қаржы керек екенін әлі анықтап жатыр. Бірақ ақша көлемі анықталмасада, қорға қаржы аудару басталып кеткен. Тек аудандағы бірнеше сметалық жобаның құнына ғана 33 миллион теңге бөлінген. Биыл күзде Іле ауданының 90 жылдығына орай бітіретін үлкен жұмыстың бірі болғандықтан уақыт тығыз көрінеді.
«Ескерткішке 10-15 метр жер қалдырып отырмыз. Биіктігі 7-10 метр болады. Енді оны біз қазір қарап жатырмыз. Қапшағай тас жолына байланысты және осы Батыс Қытай-Батыс Еуропа тас жолы, Алматы-Талдықорған тас жолынан жан-жақты қалай байқалады», - деді Алматы облысы Іле ауданы әкімінің көмекшісі Арман ҚАМАЛБЕК.
Өтеген батырдың ескерткішінен бөлек аумағы 4 гектардан асатын саябақта салынбақ. Аудан атқамінерлерінің айтуынша, жоңғарларға қарсы ел қорғаған батырдың сом келбеті қоладан құйылыуы мүмкін. Қыркүйек айында ашамыз деген ескерткіштің орнында осыдан екі апта бұрын орнатылған құлыптас тұр. Ал тілшілердің сан сауалынан соң, кәсіподақ жинаған ақшаларын мұғалімдерге кері қайтара бастады.
«Кәсіп одақ комитетінің төрағасы мұғалімдердің бәрін шақырып, ақшасын түгел қайтарып берді. Менікінде қайтарып берді», - деді Алматы облысы Іле ауданы К. Әзірбаев атындағы №15 мектептің мұғалімі Клара РАМАЗАНОВА.
Әмірболат Құсайынұлы, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы