Алматы көшелеріндегі тротуарлар қалпына келтіріліп, жүргінші жолына кедергі келтіретін заңсыз құрылыстар алынады. Мұндай тапсырманы Алматы әкімі Бауыржан Байбек қаланы аралау кезінде берді. Атап айтқанда, Қалдаяқов көшесінің шығысына қарай Гоголь мен Әйтеке би көшесі арасындағы тротуарлар жаңарады, мұнда нысанның меншік иелері жаяу жүргіншілерге кедергі келтіретін көлік тұрағын жасап алған. Қоғамдық аймақты көлік тұрағына айналдырған Абдуллин мен Гоголь көшелері бұрышындағы құрылысты салып жатқандарға қатысты шара қолдану тиісті басқармаға тапсырылды. Жаяу жүргіншілерге басымдық бере отырып аталған аймақты көріктендіру жұмыстарын құрылыс компаниясы өзінің жеке қаржысы есебінен атқаратын болады. Айта кетерлігі, бұрын Қалдаяқовтан Желтоқсан көшесіне дейінгі аумақ жөнделген еді. Еске салайық, биыл жазда Алматыда 150-ден астам көше, 30 шақырым тротуар мен 600 аула қайта жасалады. Жер асты өткелі жолдардың барлығы жөнделеді, сондай-ақ, жаңа фонтандар салу жоспарланған.