Алматыда 8 көшеге енгізілген бірбағытты қозғалыс оң нәтиже бере бастады

24.07.2018 16:32

Қаладағы бірнеше көшеге енгізілген біржақты бағыт Абай даңғылындағы көлік нөпірін азайтады. Мамандар алғашқы аптаның нәтижесін есептеуде. Оның үстіне барлық күш автобустарға арналған арнайы жолақ пен веложолаққа жұмсалуда.  

«Бірбағытты қозғалысты енгізуді ұйымдастыру барысында Мақатаев, Гоголь, Қабанбай батыр көшелерімен қарсы бағытта қоғамдық көліктер ғана жүретін болады. Сонымен қатар, веложолдарды жоспарлау барысында кей аумақтарда жүргіншілерге кедергі келтірмейтіндей етіп жасап жатырмыз», – деді Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бөлімінің бас маманы Данияр ӘШІМ.

Бірбағытты қозғалыс қаланың сегіз көшесінде өткен аптадан бастап енгізілген еді. Жауаптылар осы арқылы кей көшелердегі көлік ағынын азайтпақ. Тәртіп сақшылары бесінші тамызға дейін ережені бұзған жүргізушілерге ескерту ғана жасайды. Ал содан соң темір тұлпар тізгіншісі қомақты айыппұл арқалап, жүргізуші куәлігінен де айырылуы мүмкін.