Алматыда базар маңындағы ақылы тұрақтардың бірінен шу шықты

Алматыда базар маңындағы ақылы тұрақтардың бірінен шу шықты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда базар маңындағы ақылы тұрақтардың бірінен шу шықты. Көлік тақымдағандар ақылы тұрақтың сапасыз қызметіне қарсы.  Темір теңгені ғана қабылдаған құрылғы халықты әбден әбігерге салған. Аумаққа кірген әр көлік үшін төленетін құнға да көптің көңілі күпті.

Бұл осы сенбі күні сағат 16:30 шамасында Алматыдағы базарлардың алдында болған жағдай. 50 шақты көлік иесі ақылы тұраққа ақша төлей алмай 2 сағат бойы кезек күткен. Онымен қоса, паркомат тек темір теңгені ғана қабылдап, саудагерлерді сергелдеңге салған. Аумағы 420 машинаға шақталған ақылы тұрақта кеткен кемшілікті басшылары былай түсіндірді. 

«Паркоматтарды инкасация жасайтын банк олар кешігіп, 3-ке шейін график бойынша инкасация жасау керек. Олар уақытысымен келмей, 16:28-де ғана инкасация жүрді. Сол себепті, 2 сағаттың ішінде мысалы кэш бокстар ақшаға толып қалғаннан кейін тек тиын қабылдауды бастады. Сол тиынды майдалау кішкене мәселе болып, адамдар кішкене дау көтеріп, біраз адам жиналып қалды. Бір 50 шақты адам. Уақытысымен төлей алмай жиналып қалды. Бірақ, осы 16:30-дан кейін инкасация жүргеннен кейін бір 10-15 минуттың ішінде бәрі өз рет-ретіне келді»,-деді «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС директоры, Марат ПРІНБЕКОВ.

Ал, жиналғандардың қалған бөлігі осал қызмет көрсететін мекемеде бағаның удай қымбат екендігін айтып, әлеуметтік желіде ұлардай шулады. Себебі, ақылы тұраққа кірген әрбір көлік иесі 300 теңге төлеуі тиіс. Бес минут немесе бес сағат тұрғанның маңызды емес. Қойылған құн көпке ортақ. Бұл сол жерде жұмыс жасайтын саудагерлер үшін тиімді болғанмен, келген қонақтар үшін қолайсыз дейді желіде шағымданған жүргізушілер.  

«Оларға өте қымбат болып көрінді де, олар ашық әңгімеге шықты. Осы туып жатқан қиыншылықтарды ортаға салып, ақылмен келісіп, сондай ұсыныстарына біз өзіміздің шығынымызға қарамай. Жыл бойы біз зерттеп көрсек, бұл ақша біздің шығынымыз жаппайды. Өйткені, қыс келген кезде қар шығару мәселесі бар, басқа басқа мәселелер бар. Өзіміздің жұмысшыларымызды мынандай жылы киіммен киіндіру керек»,-деді «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС директоры, Марат ПРІНБЕКОВ.

Қазір Солтүстік айналма жолындағы 9 базардың маңы ақылы тұраққа айналған. Өткен жылы қалада он мың орындық ақылы көлікке айналса, биыл тағы бес мың орынға арналған паркоматтар орнатылады. 

Жадыра Омаржан, Қанат Кигізбаев, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы

 

Новости партнеров