Алдағы аптада басталатын АРМИ-2018 әскери ойындарына қатысатын командалар сайыс алды дайындықтарын бастап кетті.
Ауыр техникасыз келген көрші елдің командаларына бүгін қазақстандық атыс қарулары берілді. Бірақ шетелдік әскерилердің арасында өздерінің қаруларын Мәтібұлақ полигонында сынап көргісі келетін сарбаздар да бар.
АРМИ-2018 әскери ойындарының қатысушыларына бүгін қару-жарақтар табысталды. Жарыстағы ең маңызды әрі үлкен техника – МТЛБ екен. Мұның іші минаметпен,гранатаметпен, пулеметпен және автоматпен жабдықталған. Сайыс кезінде жауынгерлер бұл қарумен түрлі кедергілерден өтіп, нысанаға дәл тигізуі керек.
«Негізі бұл ойынға 11 ел қатысқалы отыр. Соларға қазір техникаларды, қару жарақты тарату, есептету жұмыстары жүріп жатыр», – деді ҚР Қарулы күштері Тыл және қару жарақ басқармасының бөлім басшысы Рахат НЕСІПБАЕВ.
Ресей командасы барлық техникалар мен қаруларын өздері алып келген екен. Сондықтан олар бірден полигонға шығып, жаттығуды бастап кетті. Жарыс жолын меңгеріп, қаруларын тексеруде.
Ал Сириядан келген делегация Қазақстанның қаруына жақсы баға берді. Айтуларынша, Сирияда соғыс болып жатқандықтан, олардың техникаларының тозығы жеткен. Оның үстіне, бұл елдің сарбаздары осы халықаралық жарысқа небәрі екі апта ғана дайындалыпты.
«Қазақстандық әріптестер бізге техникасы мен қару-жарақтарын берді. Қазір тексеріп, меңгеріп жатырмыз. Сіздердің қару-жарақтарыңыз жаңа күйінде сақталған екен. Әзірге еш ақауы жоқ. Іс жүзінде қолданып көру керек. Жарыс басталғанша меңгеріп аламыз деп ойлаймын. Біз бұл додаға екі апта ғана дайындалып үлгердік. Мұндай шараларға қатысу арқылы Сирия халқының жағдайы жақсы екенін көрсеткіміз келеді», – дейді Сирия делегациясының командирі Айман СУЛЕЙМАН.
Биылғы әскери ойындарға төрткүл дүниеден ұзын-ырғасы 200-ден аса сарбаз қатысады. Олар бес қаруын сайлап, сайыста топ жаруға білек сыбанған. Шетелден келген командалар дүбірлі додаға дайынбыз деп отыр.
«Қару жарақтарды алдық. Біздікінен еш айырмашылығы жоқ. Былтыр да осы техникалармен сайысқа түскенбіз. Ауа райына бейімделіп үлгердік. Зимбабве сарбаздары тыңғылықты дайындалып келді. Сондықтан осы жылы жүлделі орыннан көрінуіміз керек», – деді Зимбабве өкілі Рунгано Факт МАШОВЕ.
Барлық командалар алған техникалары мен қару жарақтарын Гвардейск полигонындағы байрақты бәсеке басталғанша, іс жүзінде қолдана береді. Жарыс жолын меңгеріп, кедергілерден өтіп, жаттығады.
Айта кетейік, АРМИ-2018 әскери ойындарының ашылу салтанаты бірінші тамызға жоспарланған.
Өмір Әнуарбек, Мұрат Тайжан, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан