Алматы мәслихатының кезекті сессиясында 2017 жылдың бюджеті нақтыланды

26.05.2017 17:56

Алматы мәслихатының кезекті сессиясы барысында 2017 жылдың бюджеті нақтыланды. Қаланың Жалпы ішкі өнімінің  2,6%-ға артуы,  жергілікті және республикалық бюджеттің кіріс жөніндегі жоспарының асыра орындалуы және 123 млрд. теңгенің үнемделуі арқасында биылғы жылдың бюджеті 48,9 млрд. теңге болып бекітілді. «Алматы-2020» бағдарламасын және қала тұрғындарының әлеуметтік  қажеттіліктерін жүзеге асыруға  бірқатар өзгерістер енгізілді.

95 шақырым болатын жолдарға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қосымша  2,5 млрд. теңге бөлінеді.  11,5 млрд. теңгеге сервистік қызмет көрсететін  ыңғайлы әрі  жаңа 297 автобустар, бұлардан өзге, көлік тұрағының барынша тиімді жұмыс  істеуі үшін 40 эвакуатор алынады. Қаланы көріктендіру  ісіне 19,7 млрд. теңге жұмсалады. Әлеуметтік салаға қосымша 2,6 млрд. теңге бөлу жоспарланған. Инженерлік желілерді салу үшін қосымша 1,9 млрд. теңге қарастырылған. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласына 2,5 млрд. теңге бөлінеді.

«Алматы -2020» даму бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі - қаланың барлық аудандарының бірдей дамуын қамтамасыз ету. Сонымен, 2017 жылы қаланың нақтыланған бюджеті - 542,4 млрд. теңге, оның үстіне  өткен жылмен салыстырғанда даму бюджеті  21 млрд. теңгеге  артып, 163 млрд. теңгені құрады.