Алматыда өтіп жатқан құсбегілердің бүгінгі жарысында бүркіт шырғаға емес, асыл тұқымды итке түсті. Айқасқан ит пен бүркіттің иелері екеуін ажыратып үлгергенше қыран аяғынан, ал ит өкпесінен айырылды. Бүркіттерін баптап әкелген құсбегілер ширығып тұрған қыранға қаланың ішіндегі ипподромның көлемі тарлық етіп жатыр, дейді.
Бүркітшілердің ішінде баршаның көзіне түсіп, айналасындағы адамдар айналшақтап кетпей жүрген жас құсбегі Ерсұлтан. Өзі 12-де болса, қыраны 11 жаста. Бала бүркітші құс салуға сегіз жасымнан бері әуестеніп келем, дейді.
«Құстың аты «дауыл». Жел соққанда энергия беріп тұрғандай болады. Ет, тұздалмаған ет жейді. Бір күн сайын береміз, күн аралатып ұшырып тұрамыз», - деді Ерсұлтан ЖҰМАҒҰЛ.
Елдің жеті облысынан жиналған 45 құсбегі жарыстың алғашқы күні шырға салу, құсын қолға қондыру сайыстарына түсті. Қырандар қаланы қоңсынды ма, бүркіттерінің бабы келседе бағы жанбаған құсбегілердің жартысы жарыстан шығып қалды. Ал кең далада қашқан аңның адымын аштырмай ұстап үйренген мына қыран қаланы шарлай ұшып, аулада тұрған құны қымбат итпен айқаса кетті.
«Бабы жарасқан ат құсап бұда аң тілеп отырады. Тіленіп ұшып кетті. Итке барып түсіп, тырнағын түсіріп алды. Шайнап. Иттен таяқ жемес еді иесі де кедергі болды. Ол итіне жаны ашыды, мен бүркітіме жаным ашыды. Аяғы аузына кіріп кетіпті», - деді Медет АЛДАБЕРГЕНҰЛЫ.
Турнирге қырандардан бөлек лашын, ителгі, қаршығада қатысып жатыр. Сұңқар тұқымдас мына ителгі мен лашын көкте ұшқан қаз, үйректі жылдамдықпен теуіп келіп ұстаса, қаршыға қашқан құсты астынан шалақалай ұшып келіп ұстайды екен.
Елімізде құсбегілердің саны көп болмасада, ұлттық спорттың бұл түріне көрсетілетін көмек жүдеу әлі. Өңірлердің дене шынықтыру басқармалары жарысқа баратын құсбегілердің жол шығынын көтерумен ғана шектеледі.
«Туымызда тұрғанан кейін мына бүркіт оған ерекше статус беру керек. Бұған мемлекет тарапынан қамқорлық жасалу керек. 18 миллион халқымыз болса, соның ішінде 100-ге жетпейтін бүркітшілер бар. 2007 жылы Англияға барып қайттық. Ол жерде өздерінің құстарымен бүкіл Еуропада емін-еркін жүре береді. Ал бізде тіптен Қазақстанның ішінде жүру осы уақытқа дейін мұң болған. Бүркітке ерекше статус берсе бұл мәселенің бәрі шешіледі», - деді «Қыран» федерациясының атқарушы директоры Бағдат МҮПТЕКЕҚЫЗЫ.
Ертең жартылай финалға шыққандар құсын түлкі мен қоянға түсіреді. Ал бабы мен бағы келіп, ұсақ аңды қомсынған қырандарды сенбі күні қасқырға салу жоспарланған. Елуге жуық құстың ішінен үздік шыққан тоғыз бүркітің иесі қомақты қаржыға қол жеткізеді.