Алматыда тозығы әбден жеткен су құбырлары түгелдей жаңартылады

Алматыда тозығы әбден жеткен су құбырлары түгелдей жаңартылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда 60-шы жылдары салынып, тозығы әбден жеткен су құбырлары түгелдей жаңартылады. Осы күзге дейін ұзындығы 16 шақырымды құрайтын шойын су құбырының орнына, пластиктен жасалғаны салынады. Мұндай құбырлардың ерекшелігі - шіріп кетпей, ұзақ жылдарға жарамды болмақ. Сондай-ақ, биыл қала аумағында 380 шақырым су мен кәріз құбыры тартылады. Бұл  20 мыңнан астам үйдің коммуникацияға қосылуына мүмкіндік бермек.

Қазір қалада Панфилов пен Жібек жолы көшелерін абаттандыру жұмыстары қызу жүргізілуде. Күзден бастап жүргіншілер аумағы ретінде ерекше кейіпке енетін аумақтарды құрылысшылар қопарып тастаған. Мұндағы 60-шы жылдары салынған су құбырларының да тозығы жетіп, жөндеуді талап етіпті. Сондықтан, жауаптылар бұл жұмысты кейінге қалдырмай биыл атқаруды жөн көрген. Жоспар бойынша Панфилов көшесіндегі 200 метр құбырды жаңарту көзделсе, Арбат алаңындағы 400 метрі ауыстырылады.

«Соңғы жылдары 7 рет апаттық жағдайлар болды. Сол себептен полиэтилен трубаға ИЗР-11 деген соған ауыстырып жатырмыз. Құбырдың диаметрі 250. Бұл жерлерде біз электромуфта дейміз, жалғайтын орамаларын электромуфтамен паить етіп жатырмыз. Бұның ерекшеліктері шойын трубалар секілді шірімейді. 50 жылдық қалпында халыққа қызмет көрсетеді деп сенеміз»,- деді «Су желісі» Алмалы аудандық учаскесінің басшысы, Бауыржан СҮГІРБЕКОВ.

Жаңа құбырлар Қазақстанда жасалынған, әрі сапалы екен. Сондықтан, 60 жылға дейін шыдас беретін көрінеді. Жұмысшылар құбырларды ауыстыруды жылыту маусымына дейін түгелдей аяқтамақ. Ал, тұрғындар құрылыс жұмыстары кезінде ауыз судан қағылмайды деп сендірді жауаптылар.

«Қала бойынша жалпы жұмыстар бізде мамыр айында басталды және қазан айына дейін барлығын бітіруді мақсат етіп қойып отырмыз алдымызға. Негізінен бұл жұмыстар барысында тұтынушылар ешқандай ыңғайсыздық көрмейді. Себебі, ауыз су болып тұрады. Тек қосатын кезде ғана 1 күнге немесе 2-3 сағатқа ғана ауыз су өшірілетін болады»,- деді «Алматы су холдингі» МКК қоғаммен байланыс бөлімінің маманы, Ақбота ЖЫЛЫСОВА.

«Алматы су»  мекемесі өз қаржысына  биыл қала бойынша 16 шақырымға жуық су құбырын жаңартуды көздеп отыр екен. Бұл өз кезегінде құбырлардың жарылып кетуіне жол бермейді. Мәселен, соңғы 5 жылда мекеме мамандары 146 шақырым су желісін жөндеуден өткізген. Соның арқасында апаттық жағдай  65 пайызға азайған. Айта кетсек, осы жылы Алматы қаласында жаңадан 380 шақырым су мен кәріз құбыры тартылады. Бұл «Әйгерім», «Ұлжан», «Қарасу», «Ақбұлақ», «Дархан», «Өжет», «Құрылысшы» сынды ықшамаудандардағы 20 мыңнан астам үйдің коммуникацияға қосылуына мүмкіндік бермек.

Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шукіралиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров