Алматыда Көк базардың маңынан жаңа сауда орталығы бой көтерді

27.02.2017 15:09

Алматыда әйгілі көк базардың маңынан жаңа сауда орталығы бой көтерді. Нысан 2 жарым миллиард теңгеге тұрғызылған. Сала мамандарының басты мақсаттары - жабайы сауда орындарын түбегейлі жою. Ал, саудагерлердің Қытайдан келетін жеміс-жидекке көңілдері толмайды. Тіпті, тауарды бірнеше күн сақтауға келмейтіндіктен, сатуға жүрексінеміз деп отыр.

Саудагерлердің басты мақсаттары өз тауарларын өткізу болып табылады. Бүгінде еш жасыратыны жоқ мына көкөністердің көпшілігі Қытайдан келіп жатыр. Ал, бір қызығы оның сапасын тексеріп жатқан мамандар жоқтың қасы.  

«Міне мына қызанақ Қытайдан келген. Бағасы бес жүз тенге. Ал, мына жергілікті қызанақ бағасы 1200 теңге. Бұны жеуге көпшіліктің қалтасы көтере бермейді. Сондықтан амалдың жоқтығынан мына Қытайдың тауарын жеуге мәжбүрміз», - деді Алматы тұрғыны Айгүл ОРЫНБАЕВА.

Көк базарда қосымша ғимарат салынатын естіген Айгүл бірнеше жылдан бері күткен. Ақыры арманына жетті. Халық өзіміздің емес, өзге елдің тауарын көбірек тұтынуға мәжбүр деген саудагер Қытайдан келетін жеміс-жидекті де сатып отыр. Арзан әрине. Бірақ бірнеше күн ұстап сөреге қоюға жарамайды. Себебі, дәріленеді деп отыр. Ал, отандық өнімнің сапасы жақсы болғанмен, бағасы жоғары.

Су жаңа сауда орнының аумағы  он мың шаршы метрді құрайды. Ертеден бар Көкбазар келбеті кеткеннен кейін жаңа нысан салуды ұйғарған болатын. Сөйтіп, 2 жыл ішінде 2 қабатты кешен бой көтерді. Оның ішінде 2 жүзден астам кәсіпкер сауда жасап отыр.

«Міне көптен күткен орталықта бой көтерді. Бағасын көпшілік берсін. Бұл нысанды соғуға 2,5 миллиард қаражат жұмсалды. Оның барлығы жеке кәсіпкерлердің қолдауының арқасы. Бұл жерде паркинг, барлығы толық қарастырылған», - деді сауда орталығының басшысы Ерлан ҚАЛИЕВ.  

Ал, саудагерлер жаңа нысанға көңілдерінің толатынын айтты. Ең бастысы іші жылы әрі таза.

«Жағдайымыз жасалып жатыр. Басымыздан су өтпейді, аяғымыздан су кірмейді. Рахмет осындай жағдай жасалып жатқанына. Енді осы жердің нәсібесін көрейік», - деді сатушы Гүлнар ӘЛІБАЕВА.

Ал, ескі көк базар сүрілген жоқ, бар. Оның қашан жаңартылатыны әзірге белгісіз. Тіпті, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жағдайда жөнді қарастырылмаған еді. Ал, жаңа сауда орталығында осы олқылықтың орнын  толтырдық дейді басшылар.