Алматыдағы Ықылас атындағы мұражай жаңа жәдігерлермен толықты

08.12.2017 22:09

Алматыдағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайы жаңа жәдігерлермен толықты. Онда Махамбет, Біржан сал, Сүгір, Есбай, Қазаңғап, Жамбыл, Абай сынды ұлы тұлғалардың домбыралары қойылған. Соңғы екі жылда мұражайға 100-ге жуық мемориалды экспонаттар алыныпты. Оның ішіндегі ең құндысы Ақан серінің домбырасы екен. Ол жәдігер жазушы Сәкен Жүнісовтің қолында сақталған. Ал, бүгін Келденбай Өлмесеков пен Санақ Әбеуовтың домбыралары Ықылас мұражайына салтанатты түрде табыс етілді. Шара барысында қос дәстүрлі әншінің репертуарындағы әндер мен термелер, жырлар орындалды. Кеш, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған

«Бұл кісілер сол Шығыс өңіріндегі үлкен мына Шәкәрімен, Абайдан қалған мұраны бізге жеткізушілер. Сол ән дәстүрін, ән өнерін өздері орындап, орындап қана қоймай іздеріне өздерінің шәкірт тәрбиелеп үлкен сол мектепті әрі қарай жалғасуына өздерінің үлесін қосқан тұлғалар болып есептеледі», - деді Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайының жетекшісі Ұлжан БАЙБОСЫНОВА.