Көпшіліктің көзіне түспестен еңбегімен елді көркейткен қазақстандық құрылысшылар осы күндері кәсіби мерекесін тойлауда. Жылда тамыздың екінші жексенбісінде аталып өтетін бұл мерекенің астаналық мамандар үшін биыл мәні ерекше. Жиырма жыл ішінде зәулім нысандармен әсем қаланы жаһанға танытқандардың бірсыпырасы «Құрметті құрылысшы» атағын алды.
Отыз жыл ғұмырын еліміздің құрылыс саласына арнаған Ризабек Қуандықов бүгінгі Астананың бас қала болуына еңбегі сіңген. Осыдан 13 жыл бұрын елордаға қарапайым маман ретінде келген жан бүгінде құрылыс компаниясының басшысы. Еңбек жолында маман сан түрлі биік мұнараның, бес әлеуметтік нысан мен жиырмаға жуық көпқабатты үйлердің бой көтеруіне қатысқан.
«Мен 2005 жылы Астанаға алғаш рет аяқ басқанда, қалада түк жоқ, тақыр жер болатын. Бірақ сол кездің өзінде бұл жер Қазақстанның орталығына айналады деген зор сенімім болды. Өйткені, біз, құрылысшылар, өзімізге өзіміз сенбесек, сенімді дәлелдемесек, ешкім де келмес еді. Міне, 13 жылда Астана көз алдымда ер жетті. 20 жылдығын атап өттік. Оған үлес қосқан мен өзімді бақытты сезінемін», – деді Қазақстанның құрметті құрылысшысы Ризабек ҚУАНДЫҚОВ.
Қазір басшылық қызметтегі Ризабек Қуандықов өстім, өндім демейді. Қолынан келіп, уақыты болса, шаруаға кірісіп кетеді. Құрылыс саласындағы білікті маманның жастарға көңілі толады. Ол осы уақытқа дейін жүзден аса шәкірт те тәрбиелеп үлгерген. Еңбегі айшықты маман ҚР Құрылысшылар одағынан еліміздің осы саладағы әрбір қызметкері армандайтын марапат алды.
«Қазір, әрине, былай қарасаңыздар, құрылысшы мамандығы ауадай қажет. Жоғарғы оқу орындарында осы мамандық бойынша оқитындар санын көбейту керек. Оларға жақсы білім беру қажет. Әрқашанда солардың білімін игеріп, дамытып отырған жөн. Сондай бағытпен жұмыс істеу керек», – деді ҚР Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат ЕРҒАЛИЕВ.
Марапатталған маман еңбегі еленгеніне қуанады. Бірақ демалысқа уақыт жоқ дейді Ризабек Қуандықов. Өйткені, ол жыл соңына дейін өзіне тапсырылған тұрғын үй кешенінің құрылысын толықтай бітіруі тиіс. Жалпылай алғанда, бүгін үздік деп танылған 15 маман кеудесіне төсбелгі тақты.
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана