Қазақстанда дәрі-дәрмек бағалары заңмен реттелмек

Қазақстанда дәрі-дәрмек бағалары заңмен реттелмек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда дәрі-дәрмек бағаларының ала-құлалығын реттейтін заң жобасы әзірленіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі мәселе жалпы медициналық мекемелерде, тегін медициналық кепілдендірілген көлемде сатып алынатын және дәріханалардағы дәрі-дәрмектердің бағаларын реттеу болып табылады. Өйткені, Елбасының осыған байланысты тапсырмасы бар. Қазіргі таңда өкінішке қарай, дәрі-дәрмектер әр аймақта әр түрлі бағада сатылып жатыр. Мәселен, бір дәрі-дәрмек Алматыда 100 теңгеден тұрса, тура сол дәрі Оралда оның бағасы мың теңгеге дейін болуы мүмкін. Ең бастысы, бұл дестрибюторлық бағалардың қалыптастыру нәтижесінде пайда болады», – деді «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасының міндетін атқарушы Берік Шәріп Астанада өткен дөңгелек үстел барысында.

Оның айтуынша, азаматтар дәрі-дәрмекті тең деңгейде сатып алу үшін, яғни бағадағы ала-құлалықта тап болмас үшін Денсаулық сақтау басқарамасы тарапынан жаңа бұйрық жобасы ұсынылып отыр.

«Жекелей және жаппай сатып алу кезінде дәрі-дәрмектердің бағасын қадағалау үшін жаңадан бұйрықтың жобасы әзірленді. Сол себептен медициналық мекемелер, дестрибюторлық компаниялар жағынан, зауыттардан ұсыныстар енгізіліп жатыр. Бүгінгі жиын барысында осыған байланысты көптеген сұрақтар туындап отырғанын көріп отырсыздар. Сол сұрақтарды талдап, бұл заңнамаға нарықтың барлық қатысушыларының талаптарын ескеру үшін жиналып отырмыз», – деді ол.

Берік Шәріптің сөзіне сүйенсек, жаңа құжат күшіне енген жағдайда жалпы дәрі-дәрмектің отандық немесе шетелдік болсын, талап бәріне бірде қойылады.

«Бізде Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын сараптау ұлттық орталығы бар. Соның аясында дәрі-дәрмектер бойынша нарыққа қатысушылар түгелімен өз жағынан бағаларды тіркеуден өткізеді. Одан кейін дестрибюторлық қосымша бағаны қолданады да, бұл дәрі-дәрмектер тең бағада тікелей бүкіл аймаққа сатылады. Құжат қабылданғаннан кейін әрине, бізде біріншіден фармация комитеті дәріханалардың дәрі-дәрмектерді қандай бағамен сататынын қадағалайды. Екінші жағынан, дәрі-дәрмектің түбіртегін сақтап, бағаның қымбаттатылғанын біліп, фармация комитетіне шағым жасасаңыз, әрине, бағаны негізсіз көтерген дәріханаларға айыппұл салынады», – деді ол.

Дәрі-дәрмектердің бағалары Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын сараптау ұлттық орталығының сайтында жарияланады.

«Ашық түрде сол сайттардан дәрі-дәрмектердің бағасын көруіңізге болады», – деп түйді сөзін Берік Шәріп.



Новости партнеров