Алматыда тапқан табысын жасыратын кәсіпкерлер азаймай тұр

24.07.2017 17:20

Алматыда тапқан табысын жасыратын кәсіпкерлер азаймай тұр. Сондықтан, салықшылар олармен күресуді мықтап қолға алмақ. Әсіресе, пәтерін жалға беріп, алайда салық төлемейтіндерге қатаң шара қолданылады. Олар енді 1 ай көлемінде жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп үлгермесе, үлкен көлемде айыппұл арқалайды. Айдана Мейрамбайқызы тақырыпты тарқатсын.

Мақатаев пен Қонаев көшесінен өтетін жұрттың жолын бөгеп, пәтерлерін ұсынатын маклерлер тым-тырақай қашты. Шақыртусыз келген салықшыларды көрген бойда, олардан маза кетті. Өйткені, дәл осы жетім бұрышты жағалап, пәтер саудасын қыздырғандардың көбі салық органдарына тіркелмеген. Маклерлер мемлекеттен табысын жасырса да, салықшылардың «қара тізімінен» құтыла алмасы анық. Сондықтан, салық қызметкерлері оларға жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге тағы қосымша уақыт берді. Әйтпесе, айыппұлдың астында қалады. Тексеріс кезінде, мұндағы маклерлердің тек бірен-саранында ғана тіркеу куәлігі болды.

«Менде жалға 3 квартирам бар. 36 мың төлеймін ай сайын. Өзім пенсионермін. 98 жылдан бері жұмыс жасап келе жатырмын»,- деді Маклер, Нұрсила ҚАБАСОВА.

Бүгінде Медеу ауданында 2 мыңнан астам адам салық органына пәтерлерін жалға беруші кәсіпкер ретінде тіркеліпті. Одардан соңғы жарты жылда қазынаға 19 млн теңгеден астам салық түскен. Десе де, жасырын жұмыс істейтіндері де аста-төк. Бір ғана «Думан» ықшамауданында 40-тан астам кәсіпкердің үйлерін жалға беріп, табысын жасырып отырғаны анықталған. Салықшылар бүгін осындай іскерлердің үйлеріне бас сұқты. Үй қожайындарының кейбірі кәсіпкер ретінде тіркеуге тұрғанын жасырмаса да, қанша адамнан табыс тауып отырғанын бұғып қалуға тырысты.

«Мына жақта өзімнің бауырым тұрады, инвалид. Қалғаны бір үшеу ғана бар болды. Бауырым енді тегін тұрады инвалид, ал екеуі 25 мыңнан төлейді. 25-тің ішінде свет бар, мусоры бар, олар алынады сонда қалатыны 20 мың.

"Айласын асырғысы келетіндер пәтер жалдаушылардың тең жартысын өз туысы ретінде таныстыратын көрінеді. Тиісінше, табысын да көлеңкелеп қалады. Әрі, жалға алушылар пәтер ақысын төлемей кетеді деп зар-мұңын шақты»,- деді Қала тұрғыны, Еркін ӘЛИЕВ.

«Әрқалай, кейбіреулері төлейді. Кейбіреулері төлемей кетуі мүмкін, әрқалай... Төлемей кетеді, светке төлемей кетуі мүмкін»,- деді Қала тұрғыны, Қанат СҮЛЕЙМЕНОВ.

Салықшылар мен тәртіп сақшысын көрген бойда үй иелері есіктерін осылай ашпай әлекке салады. Десе де, мамандар бір ай көлемінде аудандағы әрбір пәтер жалға берушінің үйлеріне баруды жоспарлап отыр. Ондағы мақсат, іскерлерге салық органына тіркеуге тұруды ескерту. Әйтпесе, үсті-үстіне айыппұл арқалауы мүмкін.

«Бұл азаматтардың барлығына біз 10 күн уақыт бердік. Осы 10 күннің ішінде тіркелмеген жағдайда біз тексерулер жасап айыппұл саламыз. Айыппұл суммасы 15 АЕК немесе 34 мың теңгені құрайды. Айыппұлға құлақ аспаса, тағы да айыппұл саламыз. Айыппұлдың соммасы өсе беретін болады»,- деді Медеу ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары, Қуаныш ТҮМЕНБАЕВ.

Жыл басынан бері, Медеу ауданында 481 пәтер жалға беруші адам жеке кәсіпкер ретінде тіркелген екен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге көп. Айта кетсек, үйлерін жалға берушілер тапқан табысының 2 пайызынан салық төлеуі тиіс. Ал, бұдан былай тіркеуі жоқтар айыппұл арқалағаны өз алдына, тіпті тегін медициналық көмектен де қағылады екен. Пәтер жалға берушілер үшін кәсіпкер ретінде тіркелудің еш қиындығы жоқ. Халыққа қызмет көрсету орталығы мен «Электрондық үкімет» порталына құжат жолдаса жеткілікті.

Айдана Мейрамбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы