Алматының экологиясы мен тұрғындардың өмір сапасын арттыру маңызды – Бауыржан Байбек

Алматының экологиясы мен тұрғындардың өмір сапасын арттыру маңызды – Бауыржан Байбек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

2035 жылға қарай Алматыдағы тұрғындар саны 3 миллионға дейін жетеді. Сол себепті, алматылықтардың жайлылығы үшін жол инфрақұрылымы мен көлік реформасын қолға алған орынды. Қала басшысы Бауыржан Байбек осыны мәлімдеді. Тілшілерімізге берген сұхбатында ол мегаполистегі көлік санын да 2035 жылға қарай 600 мың деңгейінде сақтау қажеттігін баса айтты. Осы нәтижеге қол жеткізсек, экологиялық ахуалды жақсарта түсуге біршама ықпал етеміз дейді.

Алматы қаласының даму көрсеткішіне сараптама жүргізген канадалық және еуропалық сарапшылардың есебі бойынша, төңіректегі агломерацияны айтпағанда, қала тұрғындарының саны 2035 жылға қарай 3 миллионға жетуі мүмкін. Сол себепті өмір сапасын жақсарту үшін инфрақұрылым мен қоғамдық көлікті дамыту және жоғары білікті жұмыс орындарын ашу – бүгіннен бастап қолға алынатын міндет. Қала тұжырымдамасына сай, жүргіншілерге қолайлы аумақтар мен велосипед, электр көліктеріне арналған  жолдар салуды жалғастыру керек дейді қала әкімі. Ал қоғамдық көліктің санын мың жарымнан алты мыңға дейін арттыру қажет.

«Айтылған көрсеткіштерге қол жеткізбесек, экологияның нашарлайтыны жасырын емес. Сондықтан қазіргі атқарылып жатқан жұмыстар қоғамдық көлік сапасын жақсартуға, трафикті ретке келтіруге және ыңғайлы қала құруға бағытталған. Және 2035-ші жылға қарай 3 миллион алматылықтың өмірі айтарлықтай жақсарады. Бірақ бұл бірінші кезекте алматылықтардың қолдауымен жүзеге асатын шара», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Қазіргі таңда Алматыда 600 мыңға жуық жеке автокөлік тіркелсе, күн сайын қалаға кіріп шығатын 250 мың темір тұлпар тағы бар. Ал жазғы уақытта көлік нөпірінің көптігін байқау қиынға соғатындықтан, жағдайды жаңа оқу жылы басталған кезде ғана реттеуге болады екен. Бұл мақсатта істеліп жатқан жұмыстардың бірі – 10 көшенің біржақты бағытқа айналуы. Үш жолайырығы салынып жатыр, трамвай рельстері сүрілді. Жыл аяғына дейін жолдағы қоғамдық көлік үлесін 80 пайызға жеткізу жоспарда тұр.  

«Біз үшін алматылықтардың өмір сапасын жақсарту маңызды. Көріктендіру, көшелерді жаңарту мен қайта жөндеу жұмыстарын 15-ші маусымға дейін, яғни мектептегі барлық сынақ аяқталғанша күттік. Осы 2 ай 10 күннің ішінде құрылысшылармен бірге қаланы жақсартуға тырысып жатырмыз. Өздеріңіз білетіндей, биыл көптеген көшелер жаңартылып, инженерлік желілер ауыстырылды. Сол себепті, алматылықтарға сабырлылық танытқандары үшін тағы да алғыс білдіремін», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Осы уақытқа дейін 500-ден астам көшеге асфальт төселіп, жаңа саябақтар салынды, жүргіншілер жолы кеңейтіліп, субұрқақтар қойылды. Жерасты өткелдерінің келбеті қайта түрленді. Абай даңғылының өзінде 200-ден астам тамақтану орындары жаңарды. Ал аулаларда да атқарылып жатқан жұмыстар аз емес екен. Мың жарымға жуық аулада балалар мен спорт алаңдары, жаттығу орындары салынды. 800 шақырым инженерлік жүйе ауыстырылса, 300 шақырым арық тартылған. Одан өзге, жыл аяғына дейін көше шамдарының үштен бірі ауыстырылмақ.  


Азамат Әуезхан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров