Алматыда жоғалған Өзбекстан азаматы табылды

31.01.2018 03:25

Алматыда осыдан тура бір ай бұрын жоғалған азамат табылды. Хасан Қожақұловты Өзбекстаннан бауырлары алып шаһардың білікті дәрігерлеріне көрсетуге әкелген еді. 30 жасар жігіттің ұмытшақтық дертіне шалдыққандығы, оның жоғалуына бірден-бір себеп болған. Жалдап тұрған үйден «Қалқамандағы» ауруханаға қарай өз бетінше бармақ болған Хасан, өзінің айтуынша, діттеген жеріне жете алмай, басы ауған жаққа кете берген. Абырой болғанда жақсы жандар жолығып, ішер асын алдына қойып, қонатын жер ұсынған. Есесіне, қара күштің иесі қолынан келер жұмысты істеп, үй қожайындарына көмектескенін айтады.

«Жұмыс іздеп ақша табам деп бардым. Жұмысты тапқаннан кейін, 10 күн мал бақтым»,-деді жоғалған жігіт, Хасан ҚОЖАҚҰЛОВ.

10 күннен кейін Хасан Қожақұлов, жұмыс берушіге «Алтын Орда» базарына жеткізуді өтінген. Әйтсе де, базар маңын шыр айналған ол, барар жерін есіне түсіре алмай, тағы да тентіреп қалады. Барар жер басар тауы болмағандықтан, бірнеше күн жылу құбырының үстінде жатып, қақаған қаңтарда жан сақтаған. Ақыр соңында, құзырлылар оны Алматы облысы Боралдай кентінен тапқан. Естеріңізде болса, ағайындылар арнамыздан іздеу салуға бірнеше рет көмек сұраған еді. Тілшілерден бөлек, полицейлер мен бірге, еріктілер тобы да білек сыбана, іздестірген болатын. 

«Бізге полицей звонады, табылды деп. Ертесі таңертең барып әкелдік. Бәріне рахмет»,-деді Х.Қожақұловтың ағасы, Закир ҚОЖАҚҰЛОВ.