Наурызбай ауданында зәулім баспананы тонаған ұрылар ұсталды

25.09.2017 20:42

¤Наурызбай ауданында тапа-тал түсте зәулім баспананы тонаған ұрылар 5 жылға сотталды. Олар үй ішінен ақшадан бөлек, әшекей бұйымдар мен қару-жарақ алып кеткен. Қарақшыларды қолға түсіруге - үй іргесіне орнатылған бейнебақылау камерасы септесіпті. Сөйтсе, ұрылар үйге терезе арқылы кірген. Бір сағатқа жуық баспананы тінтігесін, өздерімен бірге бірнеше қап алып шыққан. Қылмыстарын толық мойындаған қарақшылар келтірілген 4 миллион теңгеден астам шығынды өтеп берген.

¤«Олар үйге көлікпен келген. Құны аулада орнатылған 2 бірдей бейнебақылау камерасы арқылы анықтадық. Ұрылардың бет-жүзі анық көрінеді. Соның арқасында қылмыс тез ашылды. Жуырда қылмыскерлер сотталып, 5 жыл бас бостандығынан айырылды. Бірақ, сот олардың шығынды өтеп бергенін, әрі бұрын сотты болмағанын ескеріп, жазасын шартты түрде тағайындады», - деді Наурызбай ауданы Прокурорының орынбасары Әділхан САБУРОВ.

Пагон таққандардың айтуынша, Наурызбай ауданында пәтер ұрлығы 37 пайызға төмендеген. Мәселен, былтырғы жылдың 9 айында 500-ге жуық ұрлық дерегі тіркелсе, биыл тек 300 тонау болған. Қылмыстың азаюына үй аулаларына қойылған бейнебақылау камералары септесуде. Биыл аудандық прокуратураның "Қауіпсіз аула" жобасы аясында 900 бейнебақылау камерасы орнатылған екен. Жуықта, олардың санын тағы 200-ге көбейту көзделіп отыр.