Назарбаев: Алакөл Қазақстанда ең көп демалушы баратын жерге айналуы керек

11.05.2018 02:13

Алакөл туристердің ордасына айналуы тиіс. Мемлекет басшысы Алматы облысына жасаған іс-сапарында осылай деп мәлімдеді. Президент Алматы облысының  Үшарал қаласына келгеннен кейін, жаңа әуежайдың жұмысымен танысып, өңірдің шағын авиация саласын дамыту жөнінде мәлімет алды. Сонымен қатар, Алакөл ауданының Ақши кентіндегі темір жол вокзалының жаңа ғимаратын аралап көрді. Кеңес барысында облыс басшысы Амандық Баталов Нұрсұлтан Назарбаевқа аймақтағы туризмнің даму барысы жөнінде баяндады. Әкімнің берген ақпарына сүйенсек, соңғы төрт жылда облыста туристік қызмет көрсету көлемі екі есе артқан. Сондай-ақ кеңесте «Қазақстан темір жолының» президенті Қанат Алпысбаев Мемлекет басшысына 2020 жылға дейінгі Алакөл демалыс аймағындағы көліктің қолжетімділік картасын таныстырып, транзиттік тасымалдау ісін дамыту стратегиясының жүзеге асырылуы барысы жөнінде айтты. Ал Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ішкі және сыртқы туризмді дамыту жолында барлық кедергілерді жою мақсатымен Елбасы жолдауындағы тапсырмалардың іске асырылуы, сонымен қатар, ЭКСПО-ның тиімді өзгерістерін қолдау үшін министрлік тарапынан атқарылып жатқан шаралар жөнінде айтты. Өз кезегінде Елбасы туризм саласын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырмалар жүктеді.

«Алакөл Қазақстан бойынша демалушылар ең көп баратын жерге айналуы керек. Ол ыңғайлы жерде орналасқандығымен ерекшеленіп, барлық өңірдің тұрғындары үшін қолжетімді болып отыр. Көлдің кереметтігі суының емдік қасиетіне байланысты. Оның құрамында радон, сілті және басқа да пайдалы элементтер бар. Осыған байланысты Алакөл еліміздің туризм саласы үшін өте маңызды», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Жиын барысында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының жергілікті және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салуға қатысты бөлігінің іске асырылу барысы жөнінде айтып берді. Айтуынша, 2017 жылы республикалық маңызы бар 4 мың шақырымнан астам тас жолға жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Соның ішінде 603 шақырым жол пайдалануға берілген. Жалпы, 2022 жылға дейін 24 мың шақырым күре жол қалыпқа келтіріледі. Нұрсұлтан Назарбаев кеңестің және туристік кластер нысандарын аралаудың қорытындысы бойынша орталық мемлекеттік және жергілікті ақтарушы органдарға бірнеше міндеттемелерді жүктеді.


Теги: Үшарал