Алматыда Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына жаңа басшы тағайындалды. Бұл лауазымға бұған дейін Медеу ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарған Бақытжан Наурызбеков бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бақытжан Наурызбеков еңбек жолын 2005 жылы Алматы қаласының Кәсіпкерлік және өндіріс департаментінің маманы болып бастаған.
Әр жылдары аталмыш департаменттің сауданы дамыту бөлімінің басшысы, Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімі аппаратының кәсіпкерлік пен өндірісті дамыту бөлімінің басшысы, Медеу ауданы әкімі аппаратының кәсіпкерлік пен өндірісті дамыту бөлімінің басшысы, Медеу ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.
Жаңа басшы өндіріс орындарының, сауда нысандарының және қызмет көрсету салаларының өзара үндестігіне, индустриалды - инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламалары мен «Бизнестің жол картасы-2020» және басқа да жобаларды жүзеге асыруға жауап бермек.
«Бақытжан Наурызбековтың алдына бірқатар міндеттер қойылды. Олар: өнеркәсіп өнімінің көлемін арттыру, инвестиция тарту, сыртқы және ішкі тауар айналымын ұлғайту, ШОБ субьектілеріне қолдау көрсетуді қамтамасыз ету. Сонымен қатар, инновациялық жобалар мен индустриалды аймақ жобаларын жүзеге асыру, мемлекеттік қызмет сапасын арттыру, өңірді дамыту жоспарын тиімді орындау, индустриалды- инновациялық даму бағдарламасының өнімділігін ұлғайту, жаңа өндіріс, сауда, қызмет көрсету орындарын ашу, базарларды модернизациялау бойынша жұмысты одан әрі жалғастыруға айрықша назар аударылатын болады»,– деді басқармадан.
Еске сала кетсек, аталмыш басқарманың бұрынғы басшысы Мақсат Қиқымов Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы болып тағайындалған еді.