Бұдан былай, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің азаматтары бес елде емін-еркін жұмыс істей береді. Оларға тиісті еңбекақы төленіп, зейнетақымен де қамтылады. Бұл туралы Алматыда өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысында айтылды. Жиынға қатысқан бес елдің Үкімет басшылары одақ аясындағы біраз түйіткілге тоқталып, оларды шешу жолдарын қарастырды.
Премьер-министрлердің бүгінгі қызметі тіптен қауырт. Форумда көсіле сөйлеп, кесімді ой атқан олар түс ауа Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысына қатысты. Алқалы жиында алғаш болып сөз алған Бақытжан Сағынтаев әуелде қаузалған «цифрландыру» тақырыбына тағы бір тоқталуды құп көрді. Сөзінше, сандық технология - қасаттана қатып, сеңдей сірескен экономиканы сілкіп тастайтын алапат күш. Оны жаппай жүзеге асырып, жұмыла қолданса - қарымды құлаштатуға әбден болады. Интеграциялық жобаларды жекелей жүзеге асыру мүмкін емес екендігі әлмисақтан белгілі. Сондықтан осы кездесуде бестіктің мүддесіне қайшы келмейтін ортақ заңнамалық құжат әзірлеу ұсынылды.
«Жаһандық өзгерістер мен қатерлерге дайындық мақсатында біз 2017 жылы Еуразиялық экономикалық одақтың 2025 жылға дейінгі цифрлы күн тәртібін бекетіп, жүзеге асырылуы тиіс негізгі бағыттарын айқындадық. Осы құжат шеңберіндегі бастамалар мен жобалар өзара сауда-экономикалық қарым-қатынас аясындағы интеграциялық процестерді нығайтып, жеңілдетуге септесе түседі. Сондықтан да өз деңгейімізде цифрлық бастамаларды тиісті деңгейде атқаруымыз керек», - деді Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Әрменгі әңгіме алыс-беріске ауысты. Өткен жылы Еуразиялық экономикалық одақ аясында Қазақстанның өзге елдермен сауда айналымы 15,6 млрд долларға жеткен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда анағұрлым көп екен. Бірақ ортақ саудада сату ғана маңызды емес. Алар өнімнің сапалы болуы да айрықша мәнге ие. Сондықтан биылдан бастап одақ аясында сатылатын тауарлар сәйкестендіру құралдарымен таңбаланады. Сәйкесінше, белгісі жоқ өнім шекарадан өтпейді. Бұл тұтынатын елді сапасыз тауардан сақтайды, ал өнім ұсынатын мемлекеттке мол жауапкершілік жүктейді.
«Бүгін біз одақ аумағында тауар айналымын бақылауды күшейтетін, «тауарларды таңбалау туралы келісімге» қол қоямыз. Бұл біріңғай нарықтың жұмысын айтарлықтай жақсартады. Біз бұған дейін белгілі тауар түрлерін таңбалап, оның тиімділігін көрдік. Салық түсімін арттырып, көлеңкеде жұмыс істеп келе жатқан көптеген сауда орындарын анықтадық. Сондықтан тауарлардың жаңа топтарын бірте-бірте белгілеуді қолға алу керекпіз», - деді Ресей Федерациясының Премьер-министрі Дмитрий МЕДВЕДЕВ.
Жиынға әуелде айтқан бестіктің бірі қалмай қатысты. Олар Ресей Федерациясының, Армения Республикасының, Беларусь елінің, Қырғыз мемлекеті мен Қазақстанның Премьер-министрлері. Отырыста ой бөліскендер макроэкономикалық ахуалға, агроөнеркәсіп кешенінің дамуына, қант нарығында қордаланған мәселелерге және жекелеген өнім түрлерінің сатылымына жіті тоқталды. Қазір одақ шеңберіндегі тауар тасымалында шешімін таппаған біраз түйіткіл бар екен. Мәселен, кейбір өнім түрі шекарада тұралап, кей кезде кері қайтарылатын кездер болады. Тараптар осы мәселені дереу шешу керек, деді. Өйткені, кедендік кедергілер - экономиканың алшаңдауына құрық салады. Оған былтыр қабылданған жаңа Кедендік Кодекс септесуі керек.
«Армения Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы сауда-саттықтан былтырғы жылы айтарлықтай жақсы табыс тапты. Пайда көлемі 2016 жылмен салыстырғанда 25 пайызға артық. Десе де, шекарада шешімін таппаған біраз түйіткіл бар. Кейбір тауар түрлері талапқа сай келсе де, кедендік бақылаудан өтпей қалады. Осындай жайсыздықтың кесірінен әр елдің кәсіпкерлері шығынға батып отыр», - деді Армения Республикасының Премьер-министрі Карен КАРАПЕТЯН.
Ең қызығы - өткен жылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің барлығында инфляция деңгейі 7 пайыз көлемінде болған. Десе де, бұл экономиканың дамуына тұсау салмады. Әзірге бестікпен ғана шектелетін алыс-беріске енді өзге елдер де ортақтасуы мүмкін. Жиынға қатысушылар келешекте Үндістан, Иран, Сингапур, Мысыр, Израиль, Сербия сынды елдермен де тауар алмасатын боламыз, деді. Сондай-ақ жуырда ортақ экономикалық аймақ құрған мемлекеттердің азаматтары одаққа мүше елдерге барып, емін-еркін жұмыс істей береді. Сөйте тұра, зейнетақымен қамтамасыз етіледі.
«Біздің азаматтарымыз одақтас елдердің аймағында жұмысқа тез әрі еш қиындықсыз орналасуы тиіс. Ол үшін былтыр қараша айында Челябинскте өткен 14-ші аймақтық серіктестік форумда Қазақстан мен Ресей Президенттері ЕАЭС аясында бірыңғай интеграцияланған еңбек биржасын құру мәселесін және жұмысшының біріңғай біліктілік талаптарын әзірлеу туралы талқылады. Осыған сәйкес Одақтас елдердің азаматтарының барлығын зейнетақымен қамтамасыз ету жөніндегі қаулыға биыл қол қою жоспарланып отыр», - деді Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Жиын соңында тараптар бірнеше келісімге қол қойды. Әзірге Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысы қай қалада өтетіні белгісіз. Беларусь елі маңызды жиынды өз елдерінде ұйымдастыруға ықылас танытты.
Дастан Сейілханұлы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы