Екібастұз қаласының «Горводоканал» МКК шаһар тұрғындарын 7 және 10 қыркүйек аралығында, яғни төрт күнге ауыз сумен қамдануды сұрайды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы ақпарат Instagram желісінде @рoleznyi_ekibastuzets парақшасында жарияланған. Хабарламада су құбырларының профилактикалық зарарсыздандыру жұмыстарын өткізуге байланысты екібастұздықтарды 7 және 10 қыркүйек аралығында ауыз сумен алдын ала қамдануды сұрап отыр.
Екібастұз қаласының әкімдігінде ақпаратты растады. «Горводоканал» МКК басшысының міндетін атқарушы Ләззат Бекбергенованың айтуынша, бұл жылда өткізілетін шара.
«Осы күндері краннан ағып жатқан суды ішудің алдында оны міндетті түрде қайнату керек немесе тұндырып алу керек. Бұған қоса, сумен өсімдіктерді суаруға және жануарларға беруге болмайды. Сонымен қатар, бұл күндері шомылудан да бас тарту қажет. Себебі, судың құрамындағы хлор мөлшері жоғары болады. Су құбырларын тазалау жұмыстары соңғы жылдары тұрақты түрде өткізіліп отыр. Сондықтан да, алаңдауға еш себеп жоқ», – деді Ләззат Бекбергенова.