Елімізде қатерлі ісікті оңай анықтауға мүмкіндік туды

28.04.2017 16:23

Елімізде қатерлі ісікті оңай анықтауға мүмкіндік туды. Енді науқастар сұйық биопсияны пайдалана отырып, алтын уақыттарын тиімді ем қолдануға жұмсайды. Қазақстан посткеңестік кеңістікте алғаш болып мұндай инновациялық тәсілді енгізді. Онкологиялық ауруларды дер кезінде анықтау үшін бар-жоғы 2 миллилитр плазма қажет. Екі сағаттан кейін қорытынды шығып, дәрігерлер ем-домын бере бастайды. Әлем бойынша заманауи технологияларды өңдейтін неміс компаниясы қазақ онкология және радиология институтына лабораториялық зерттеулерді жүргізуге арналған аппаратты сый етті.  

«Біз қазақ онкология және радиология институтымен серіктесіп жұмыс жасап жатқанымызға өте қуаныштымыз. Біріге жұмыс істеу - онкологиялық көмектің сапасын арттыруға ықпалдасады және қазақстандық науқастардың өлім-жітімін төмендетуге сеп болады», - деді компанияның вице-президенті Янис ВЛОНТЗОС (ГЕРМАНИЯ).

«Науқастар кей кездері тіпті диагноздарын 10-15 күннен күтеді. Ал мынадай нақ диагностика арқылы біз дертті дер кезінде анықтауға мүмкіндік аламыз. Демек, науқастарға ем бере аламыз». – деді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Диляра ҚАЙДАРОВА.

Қазақстандық ғалымдар мен дәрігерлер Еуропаның, Азияның және ТМД елдерінің мамандарымен қоян-қолтық жұмыс жасайды. Алматыда өткен онкологтар мен радиологтардың алтыншы съезіне шетелден 60 делегат келіп қатысты. Екі күндік форумның жұмысына 900 адам жұмылдырылды. Елімізде, былтыр 36 мың адамнан қатерлі ісік ауруы анықталған.


Теги: онкология