Алматыда 35 ағашты заңсыз отағандар қолға түсті

Алматыда 35 ағашты заңсыз отағандар қолға түсті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда 35 ағашты заңсыз отағандар қолға түсті. Күдіктілер жеке фирманың тапсырысын орындау үшін жалған құжат әзірлеп, желектерді жапырып тастапты. Экологтар олардың ағаш кесуге ешқандай рұқсаты болмағанын айтады. Қазір ұсталғандар аудандық бөлімшеге жеткізіліп, тергеліп жатыр. Айыптары дәлелденсе, темір торға тоғытылуы мүмкін.

Желектер жапырылып жатқан бұл орынға жеке компания өкілдері қойма салуды көздепті. Сөйтіп, ағаш кесумен айналысатын фирмалардың бірін жалдаған. Олар теректерді отауға рұқсатты өзіміз аламыз деп, іске дереу кіріскен екен. Жұмысшылар бар-жоғы бір сағатта 35 түпті балталап тастаған.      

«Бос жатқан орынға қойма салу ойда болған. Алдымен ондағы ағаштарды кесіп, аумақты тазартып алайық дедік. Сөйтіп, жеке компанияның жұмысшыларын жалдағанбыз. Олар бізге тиісті құжаттары дайын екенін айтып, желектерді отап тастады», - деді  тапсырыс берген компания өкілі Глеп ВОЛКОВ.

Ағаш кескендердің ақырында жалған құжат бойынша жұмыс істегендері анықталған. Олар «экологтардың рұқсаты бар» деп, тапсырыс берушілерді сан соқтырып кеткен. Сөйтіп, ақшаларын алып, тайып тұрыпты. Көп ұзамай табиғатты қорғау полициясы күдіктілерді қолға түсірді. Қазір олар аудандық бөлімшеде тергеліп жатыр.    

«Ағаштардың заңсыз кесілгені бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтың 386-баппен айыппұл салынады. Және 1 ағаштың орнына 10 ағаш отырғызылады. Бас-аяғы 350 ағаш отырғызады», - деді Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Мұрат ЖЕКСЕНБАЕВ.

Қомақты айыппұл арқалаған күдіктілер жалған құжат әзірлегендері үшін де қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Айыптары дәлелденсе, бірнеше жылға бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін. Айта кетейік, бұл Алматыда алғаш рет тіркеліп отырған жағдай емес. Былтыр осындай жолмен пайда тапқан 4 адам қамауға алынған.   

Дастан Сейілханұлы, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы 



Новости партнеров