Алматы метросындағы тактильді бағыттардың сапасы зағип жандардың көңілінен шықпауда

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы метросы зағиптарға ыңғайлы етіп салынған. Метрополитен басшылығы қоғам белсенділерінің пікірін жоққа шығарып, жер асты жолында кембағал жандар үшін не керектің барлығы бар екенін мәлімдеді. Алайда «Аржан» бірлестігі осыған дейін метро жұмысын сынға алып, ғаламторда арнайы видео жариялаған.

Алматы метросына зағиптарға арналған арнайы жол 2015 жылдың тамыз айында орнатылған. Оған дейін жобаның жоспары жан-жақты қаралып, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен келісілген. Сол уақыттағы келісімге қол қойғандардың қатарында «Аржан» қоғамдық қоры да болған екен. Тіпті зағип жандар үшін қызмет атқарып жүрген қордың кейбір талаптары да қарастырылған көрінеді. Алайда құрылыс аяқталған соң, қор өкілдері метрода салынған жолдың ыңғайсыз екенін әмбеге аян қылады.

«Техникалық себептерге ме, әлде басқа ма, метродағы арнайы бағыттар ережеге сай емес және сапасыз салынған. Барлығы емес, кейбір жерлері. Мысалы, плиткалар бір-біріне жақын емес немесе ажырап кеткен, желімдері де босаған. Бұл қауіпті екі есе тудырады. Адамдар шалынып қалуы мүмкін», - деді «Аржан» қоғамдық қорының өкілі Қасиет ОМАРОВА.

Ал метрополитен өкілдерінің айтуынша, қоғамдық қор еліміздегі ең алғаш орнатылған тактилді бағыттардың бары туралы елге құлағдар ету мақсатында әлеуметтік бейнеролик дайындау керек болған.

«Аржан» қоғамдық қоры бізге бағыттағыш жолақтар туралы әлеуметтік бейнеролик түсіру жөнінде өтініш жасаған еді. Ал олар метродағы құрылысты жағымсыз жағынан көрсетіп, мүлде басқа ақпарат таратыпты. Негізі навигацияны тексеру үшін студенттер алдын ала дайындалуы керек еді. Себебі кез келген адамның көзін байлап жіберіп қойса, ол сол жағдайға тез үйреніп кетеді деп айту қиын», - деді «Метрополитен» КМК жүру қызметінің басшысы Нұрлан ҚАДЫРҚҰЛОВ.

40 жастағы Қасиет Омарова - зағип жан. Ол осыдан 15 жыл бұрын қапыда құлап, көру қабілетінен айырылған екен. Енді Қасиет кемшіліктердің орны толып, керек жерлерге қайта құрылыс жүргізілсе дейді. Алайда метро өкілдері бағыттау жолақтары күні-бойы бақылауда болатынын жеткізді.

«Негізі тактилді жолдар елімізде белгіленген құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес жасалған еді. Соған қарамастан, біз айтылған кейбір ескертулерді алдағы уақытта жөнге келтіреміз. Ал жолдағы плиткалардың желімі алынып кететіні ауа райдың өзгеріп тұруына байланысты. Яғни ылғалды кезеңде желімі ашылып кетуі мүмкін. Біз оларды кептіріп қайта жабыстыру жұмыстарын да жүргізгенбіз», - деді  «Метрополитен» КМК жүру қызметінің басшысы Нұрлан ҚАДЫРҚҰЛОВ.

Ал жұрттың басым көпшілігі метро маңындағы және ішіндегі сары жолақтардың не үшін орнатылғаны туралы анық біле бермейтін көрінеді.

Метро өкілінің айтуынша, қазір метрода зағип жандарға көмек көрсететін 45 маман жұмыс істейді. Орналасқан тактильді жолмен аптасына 15 адамдай жүріп өтеді екен. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде 300 миллионнан астам көру мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Оның ішінде 40 миллионға жуығы толық зағип адамдар. Ал қоғамдық қордың ақпарында, елімізде 77 мың зағип адам бар.

Назкен Байтілес, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров