Алматыда жаз мезгілінде осымен тоғызыншы психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылады. Ерекшелігі сол, енді мүмкіндігі шектеулі балаларды түзететін нысан жоғарғы оқу ордасының негізінде құрылады. Яғни, болашақ мамандар студент бола жүріп, ерекше білім алуды қажет ететін балдырғандарға көмектеседі. Ал осыған дейін ашылған кембағал бүлдіршіндерді қоғамға бейімдейтін орталықтың шарапатын жылына мыңнан аса бала көріпті. Жалпы қалада инклюзивті білім беру жүйесі қалай жұмыс істейді?
Алматылық Динара Нығметованың 4 жасар қызы Гүлназым туғанынан ауыр дертке шалдыққан. Анасының айтуынша, осы уақытқа дейін оның мінезі тұйық болыпты. Көпшілік ортада қысылып, өзі қатарлы бүлдіршіндермен ойнамайды. Кейін орталық жайлы естіп, психологиялық-медициналық педагогикалық кеңеске жүгініпті. Яғни, дәрігерлер қосыны баланы тиісті профиль бойынша тексеруден өткізіп, бейімдеу орталығына жолдама берген. Психологтың көмегіне жүгінген 2 айдың ішінде баласынан үлкен нәтиже байқағанын айтады.
«Бізде өте ауыр диагноз. Біздің екі көзіміз толықтай көрмейді. Қазір баламыз өздігінен еркін жүреді, еркін кісілермен араласады, ойнаймыз. Басқа балалармен қарым-қатынасымыз жақсарды. Жақсы сөйлейміз. Өлең айтамыз. Ноталарды білеміз», - деді Динара НЫҒМЕТОВА.
Биыл ашылған Наурызбай ауданындағы түзету кабинетінде мүмкіндігі шектеулі балаларды дамытуға арналған жабдықтың бәрі бар. Мұнда көру, есту, сөйлеу, тірек-қимыл қабілеті, зерде мен психикалық дамуы тежелген жасы 18-ге дейінгі бүлдіршіндер келе алады. Ал мамандар дәрігердің нұсқауына қарай қажетті процедураларды тегін көрсетеді. Психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде логопед, психолог, дефектолог, сурдопедагогтар жұмыс істейді.
«Мұнда
балаларды ата-аналар алып келіп, өздері 3 айлық, 6 айлық курстан өтеді. Ол
Алматы қаласының 8 аудандарында бар. Біз 2016-2017 жылы
Алматы қаласы бойынша 3 ауданда Алмалы, Алатау, Жетісу ауданында кабинеттер
аштық», - деді «Алматы қалалық балаларға арналған қоғамға бейімдеу орталығы»
ҚММ директоры Құралай САРЫМБАЕВА.
Кембағал балалармен жұмыс істеу асқан ептілік пен білімді қажет етеді, дейді бейімдеу орталығының директоры. Сондықтан мамандарды ерте бастан үйрету керек екен. Оның үстіне, жас мамандарды жұмыспен қамту да ойда бар.
«Университет пен орта білім беру арасында жаңа қазір алшақтық байқалады. Ал енді сол студенттеріміз осы біздің кабинеттің қабырғасында біздің балалармен тікелей тәжірибеден өтіп, дайындалатын болады, шыңдалады. Сонымен ашылатын кабинетте басқа да инклюзивті мектептердің специалистеріне өзіміздің кабинет мамандарына біз әр түрлі семинарлар ұйымдастырамыз», - деді «Алматы қалалық балаларға арналған қоғамға бейімдеу орталығы» ҚММ директоры Құралай САРЫМБАЕВА.
Алматыдағы бейімдеу орталығына қайырымдылық қорлары мен қала әкімдігі қол ұшын береді. Соның арқасында кабинеттерге құрылғылар сатып алынып отырады. Мүмкіндігі шектеулі балаларды бағып отырған ата-аналардың сұрағы туындаса, www.special-child.kz сайтында толық ақпарат көрсетілген.
Жадыра Омаржан, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы