Алматыда тағы бір айналма жол қолданысқа берілді

10.07.2017 14:36


Алматыда тағы бір айналма жолдың құрылысы аяқталып, толығымен қолданысқа берілді. Ұзындығы бір шақырымға жуық алып көпір қаланың солтүстікіндегі көлік кептелісінен біржолата құтылуға мүкіндік береді. Барахолканың шыға берісіндегі бұл аумақта бұрын үнемі көлік кептелісі мен жол апаты жиі орын алып, адамдар  жол үстінде сағаттап тұратын. Жасалу технологиясы мен үлкендігі жағынан соңғы он жылда салынған айналма жолды қала әкімі аралап көрді.

Ұзындығы бір шақырымға жуық көпірдің құрылысы осыдан бір жарым жыл бұрын басталған еді. 24 айда жасалып бітуі тиіс  жол айрықтың құрылысы мезгілінен бұрын бітіп, қолданысқа берілгеніне екі айдан асты. Көпірді көтерген мердігер мекеменің басшылары айналма жолдың жарамдық мерзімі 25 жылға дейін жетеді дейді.

«Бұл құрылыс нысаны арматура мен темірбетоннан тұрады. Құрылыс материалдарының салмағын жеңілдетіп тұратын арнайы технологиямен жасалған. Замануи құрылғылар мен әдістерді пайдалану материал шығынын азайтуға мүмкіндік берді. Қолданылған заттардың 95 пайызы жергілікті компаниялардың шығарған материалдары»,- деді Құрылыс компаниясының бас директоры, Александр ЕЛЫШЕВ.

80 шақырымға дейін жылдамдықпен жүруге мүмкіндік беретін көпірдің құрылысына республикалық және жергілікті бюджеттен 8,6 миллиард теңге бөлініпті. 600-дей адам бір жарым жылдан астам уақыт жұмыс істеген. Жұмысшылармен жүздескен қала жетекшісі жол инфрақұрылымын жөндеу, сквер, жарық, балабақша сынды әлеуметтік  нысандарды  жаңартуға 50 миллиард теңге бөлінгенін, бұл өз кезегінде Алматылықтардың әл-ауқатын арттырып, мегаполистің әрлене түсуіне мүмкіндік беретінін айтты.

«Үлкен жол салынды. 70 пайызға машина көбірек өтеді. Адамдар жұмысқа, үйіне жету керек. Күн сайын екі сағат таңертең, екі сағат кешке уақыт жоғалтады. Күн сайын өмірінің 4 сағатын жоғалтады. Бұл дұрыс емес. Сондықтан, осыны халыққа жасап отырмыз. Сіздердің алтын еңбектеріңіздің арқасында осындай  жұмыс жасалып отыр. Күннің ыстығы, қыстың суығында осындай  еңбектеріңіздің арқасында жұмыс жасалып жатыр»,- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.  

Бөкейханов көшесін бойлай өтетін айналма жол сол маңдағы Өжет, Дорожник, Айнабұлақ, Шаңырақ шағын аудандарына баратын жолаушылардың ғана емес, Момышұлы көшесі, Қапшағай жолдарына жылдам шығуға да мүмкіндік береді. Әрі базарға келетін жүк тасымалында жылдамдатады. Мамандардың айтуынша, тәулігіне 350 мыңнан көп машина өткізуге болады.  

«Елбасының арқасында қаншама ақша бөлініп, салынып жатыр.  Жолдар қанша? Отызыншы ғой ия. Отызыншы развяскі.  Он жылда отыз. Тек мықты мемлекеттер ғана осындай көпір сала алады. Адамдар кейбір кезде оны тсүінбейді. Бірақ әрбір жол салынған халыққа жағдай жасау. Қаншама ел облыстан, басқа өңірлерден келеді. Жұмыс іздеп, бала-шағасын асырау үшін келеді. Заттар арзан басқа өңірлермен салыстырғанда. Сондықтан жолдарды салу керек»,- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.


Рысқұлов пен Емцов, Сейфуллин мен Жансүгіров және Құлжа тас жолы мен Рысқұлов даңғылының қиылысында бір мезетте үш алып көпірдің құрылысы жуырда басталады. Қазір бұл аумақтағы құрылыс нысандарын құлатып, жерді сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жолдардың барлығы алдағы екі жылдың ішінде қолданысқа берілуі тиіс.

Әмірболат Құсайынұлы, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы  

Теги: развязки