Алматы көшелеріне жаңа маневрлі эвакуаторлар шықты

29.03.2018 01:50

Алматыда 10 жаңа эвакуатор қолданысқа берілді. Заманауи техникалар Оңтүстік Корей елінен жеткізілген екен. Қалалық құтқару қызметіне берілген бұл көлік құралдары 4 тоннаны көтере алады және «Еуро-6» талаптарына сай келеді. Жаңа эвакуаторлар қолданысқа беріле сала, жол жиектеріне ретсіз қаңтарылған көліктерді айып тұрағына жеткізіп жатыр.

«Бұл көліктердің қозғалуы жеңіл. Тар көшелерде, көпір өткелдері мен тротуарларда еркін жүреді. Оның үстіне көліктерді түрлі бағыттан көтере алады. 90 градусқа бұру мүмкіндігіне ие», - деді Алматы қаласы құтқару қызметінің директоры Дмитрий ЧУХОНЦЕВ.

Осыған дейін құтқару қызметінің автопаркінде «Камаз» және «Маз» маркілі 20 эвакуатор болған еді. Ал жаңа көліктермен енді тар көшелердегі, аулалардағы, өрт болған жердегі көліктерді тиеп әкетуге болады. Жыл басынан бері Алматыдағы айып тұрақтарына 6 мыңнан аса машина жеткізілген екен. Былтыр жергілікті бюджет есебінен жол сақшыларына 34 эвакуатор берілген болатын.