«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында басқосу өтті

13.04.2018 03:18

Қазақ тілінің кең етек жайып келе жатқанына ешкім таң қалмауы тиіс. Сапалы білім беру үшін жоғары оқу орындарының санын қысқарту қажет. Елімізге басқа экономика керек. Бұл бүгін шенді-шекпендінің басы қосылған жиын барысында Елбасының білдірген пікірі. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында өткен басқосу кезінде Президент латын әліпбиін де тілге тиек етті.

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық». Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен алқалы жиында осындай жобаның тұсауы кесілді. Ең үздік әдебиеттер мен шығармалар. Ерекшелігі сонда, 18-ге жуық ағылшын тіліндегі кітап қазақшаға тәржімаланған. Елбасы назарына ұсынылған бұл оқулықтар философия, әлеуметтану, психология, экономика, менеджмент, кәсіпкерлік, дінтану мен журналистика сынды біраз саланы қамтиды. Нұрсұлтан Назарбаев кітаптың біразына көз жүгіртіп, оқулықтарды оқыту бағдарламаларына енгізу қажет екенін ескертті.

Ұлттық аударма бюросының жетекшісі Рауан Кенжеханұлының сөзінше, кітап әзірге сатылымға шықпайды. Мемлекет тапсырысымен басылып шығатын оқулықтар 10 мың дана көлемінде болмақ. Бірақ жоғары оқу орындарына тегін таратылады.

«Оқулық дайындау өте күрделі жұмыс. Бұған бір емес, көптеген ғалымдар араласады. Мәселен, қазір аударылып жатқан кейбір үлкен оқулықтар, мысалы, психология бойынша Мерсингтің , Мэнтьюдің оқулықтары 800-900 бет. Әдетте мұндай оқулықты дайындауға 2 жыл уақыт кетеді және орташа есепте жарты миллион доллардан 3 млн долларға дейін ақша шығады деп бізге халықаралық әріптестеріміз түсіндіріп айтты», - деді Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ.

Алқалы отырыста Елбасы көбіне білім саласына жіті көңіл бөлді. Жастардың  болашағына алаңдады. Студенттер тек диплом үшін емес, бәсекеге қабілетті маман болуы керек екенін баса айтты. Одан бөлек, ана тілді ғана емес, өзге тілдерді жетік меңгерген абзал  дейді. Тіпті, тәлімгерлерге тиесілі білім беруден бөлек, заман талабына ілесе алмай жатқан жоғары оқу орындарын қысқартуды ұсынды.

«Университеттің барлығында ғылыми орталық болуы керек. Өздерінің лабораториялары болуы керек. Оны өндіріске қарай жақындататын өндірісі болуы керек. Одан кейін бизнеспен қатынасып, соны коммерцияға шығаратын болуы керек.  Барлық университеттің жұмысы солай. Өздерің білесіндер. Дүниені аралып жүрсіздер. Ал біздің университеттеріміз қалай? Бізде 131 университет бар. Оны қысқарту керек. Бізге оның саны емес, сапасы керек», - деді  Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Президент латын қарпіне аса зер салып жүргенін айтты. Көбіне Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың сөздерін жазумен машықтанады екен. Елбасы қазақ тіліне аударылған кей терминдердің мәнсіз екеніне де тоқталды. Біразын сынға алды. Дін мәселесі де тысқары қалмады. Назарбаев «Жаратушы бір, таңдар жол сан қилы» - деді. Қазақ тіліне аударылған әдебиеттер ішінен керектісін дінтану бағытында қолданып, имамдар мен қатар халықтың да сауатын ашу қажет екенін ескертті. Бұл әлемдік дертке айналған лаңкестік, экстремистік күштерге қарсы тұруға мүмкіндік береді.

«Діннің тарыхын білуменен басқа жолға түсіп кеткен жастарды түсіндеріп алатын біздің діни қызметкерлеріміз үшін бұл үлкен құндылық болып саналады. Жалпы бәріміз білуіміз керек. Бәріміз әйтеуір діндеміз, намаз оқиды.  Бүгін жұрт қаптап мешітке барады, ал ішіндегі санасы, түсінігі қандай ешкім білмейді», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Жаңа әдебиеттердің тұсау кесері үлкен пікір алмасу алаңына айналғандай. Президент экономика саласында сөз етті. Шикізат өніміне баламалы өзге бағыттарды әрі қарай дамыту керек деді. Демек, индустриалдық аймақтар экономиканы дамытудың бір бұтағына айналуы тиіс. Сондай-ақ археологиялық бағытқа да көңіл бөлінеді. Елбасы «Қазақстан қасиетті географиясы» бағдарламасы аясында «Қазақстан тарихының топонимикасы» оқу құралын шығаруды тапсырды.


Назым Мәлікқызы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы Астанадан


Теги: учебники