Биыл Алматыда туберкулез дертіне шалдыққан 299 адам емдеудің оң нәтижесін көрсетті. Ал 2017 жылы 435 науқас емді аяқтаған.
Қалалық Туберкулезге қарсы күрес диспансері бас дәрігерінің берген мәліметі бойынша, қазір шаһарда осы ауруға шалдыққан 961 адам тіркеуде тұр. Олардың дені жоспарлы түрде, 13 пайыздан астамы шұғыл жатқызылған науқастар. Медицина саласында қолға алынып жатқан инновациялық технологиялар осы мекемеге де енгізілген.
Бұрын туберкулез диагнозын анықтау үшін сараптаманы екі-үш ай уақытты алса, қазір бір-екі тәулік ішінде анықтауға болатын құрылғылар сатып алыныпты. Ал 41 адам бейнебақылау арқылы үйде ем алуда.
«Ақпараттық технологияларды пайдалану мақсатында дәрігерлеріміз бейне-конференция арқылы науқаспен тілдесіп, қажетті нұсқаулықты беріп отырады. Осы жүйенің арқасында, туберкулез дертіне шалдыққандар үйден шықпай-ақ қажетті ем-домын ала алады. Жыл басынан бері қолға алынған шара қазір 41 адамды қамтып отыр», – деді Алматы қаласы Туберкулезге қарсы күрес диспансерінің басшысы Жанар СӘПИЕВА.