Наурызбай ауданындағы жаңа әкімшілік ғимараттың құрылысы шілде айында аяқталады. Нысандар қазірге 90 пайызға дайын. Жөндеу және құрылыс жұмыстарын, инженерлік және коммуналдық желілердің орнату барысын қала әкімі Бауыржан Байбек тексеріп қайтты. Әкім ауданның кешенді картасын құруды тапсырды. Онда көшелерді жөндеу жайлы маңызды ақпар мен мердігер компаниялар және жұмыстың аяқталу мерзімін көрсету қажет деді. Жоспар бойынша, Наурызбай ауданының үш жылдығына қарсы аудан аймағында 1200 орындық мектеп, күніне 500 қабылдау өткізетін емхана, неке қию орталығы, аудандық Ішкі істер бөлімі, прокуратура және сот ғимараттары бой көтереді.
«Әкімшілік орталыққа барар жолды ретке келтіру керек. Яғни, тұрғындар еш кедергісіз, ыңғайлы жолмен жеткен дұрыс. Орталықтың құрылысын аяқтағаннан соң ауданның кейпіне енеді. Жақсарады. Ғимараттар қала көркін ашуы тиіс. Орталықта қызмет көрсетуді шілде айында бастауымыз қажет. Бастысы, кешенді жоспар болу керек. Ол дегеніміз - келген халыққа риясыз қызмет көрсетіледі деген сөз», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Қала басшысына ауданда 100 шақырымға жуық су және кәріз жүйесінің құрылысы мен Ақсай және Қарғалы сүзгі стансалары бой көтеретінін жеткізді. Бұл бірден тоғыз шағын аудан тұрғындарын таза сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, 25 шақырымға созылатын кәріз коллекторын тұрғызады. Қалқаман шағын ауданында Абай даңғылы мен Әшімов көшесін қала шекарасына дейін созып жатыр. Жандосов көшесінің Сайын көшесінен Таусамалы ауылына дейінгі 2 км жол жөнделуде. Бұл аралықты төрт жолақты етіп, Қарғалы өзеніндегі көпірді қайта жасамақ. Тротуарлар мен вело жолақтар пайда болады. Жалпы, Наурызбай ауданында 30 көшені тегістелмек.