Алматыда қоқыс өңдейтін жоғары технологиялы кешен толықтай іске қосылды. Бұған дейін полигонда қордаланған тұрмыстық қалдықтар енді осында сұрыпталады. Ал болашақта кәсіпорын маңынан қоқысты қайта өңдеп, кәдеге жарату үшін бөлек нысан тұрғызылмақ. Ол үшін қосымша 3 гектар жер қарастырылып отыр.
Бүгін мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында салынған кешеннің ашылуына Алматы әкімі Бауыржан Байбек арнайы келіп, зауыттың жұмыс істеу тәртібімен танысты.
Алатау ауданындағы 4 гектар аумақты алып жатқан кешен жылына 550 мың тонна қоқысты өңдеуге қауқарлы. Ал мұндағы жабдықтар Италияның үздік өндірушілерінен сатып алынған. Зауыт қатты қалдықтардың ішінен тез ыдырамайтын, сондай-ақ, қоршаған ортаға үлкен зиян келтіретін компоненттерді сұрыптайды. Яғни енді әйнек, пластмасса, бөтелке, целлофан мен полиэтилен сынды қоқыс түрлері полигонға көмілмейді. Өйткені, дәл солар ұзақ уақыт бойы шірімей, жерде жатады екен. Ал кәсіпорынды іске қосу барысында бас-аяғы 530 адамға тұрақты жұмыс орны ашылған. Алматы әкімі Бауыржан Байбек мұндай маңызды кешенді іске қосу тек қала үшін ғана емес, жалпы еліміз үшін елеулі оқиға екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы әрдайым кәсіпорындардың тиімді жұмыс істеуін жоғарылатып ғана қоймай, сондай-ақ жаңа технологиялардың көмегімен экологиялық тиімділігін арттыруды көздейді. Елдегі қабылданған цифрландандыру бағдарламасының да мақсаты осы. Бұл озық кешен үлгісі ЭКСПО-2017-нің мұрасы саналатын үлгі іспеттес. Жоба мемлекеттік жекеменшік серіктестік негізінде жүзеге асты. Яғни инвестормен 25 жылға келісім-шарт жасалып, 5,4 миллиард теңге жұмсалды. Қала әкімдігі өз кезегінде жер телімін бөліп, барлық инженерлік желілерді тартып берді», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Алматыда қалдықтарды арнайы қалалық полигонға шығаруға 32 мекеме жауапты. Енді олардың барлығы 1300 нүктеден жинаған қоқыстарын осында әкелетін болады. Қала әкімдігі мен жеке инвесторлар арасындағы ұзақ мерзімге жасалған келісім-шарт барынша бірігіп, тиімді жұмыс істеуге сеп болады. Өйткені, ондағы автопаркті үнемі жаңартып, жұмыс процесін автоматтандыру керек екені анық жазылған. Болашақта қатқыл қалдық қайта өңделіп, кәдеге жарату көзделіп отыр.
«Осы зауыттан сұрыпталған жаңағы шикізаттар, мәселен, әйнектен құтылар, картоннан қағаздар, жәшіктер жасалады. Ал ПЭТбөтелкелерден, пластиктерден түйіршіктер жасалып, олардан ары қарай тағы жаңа құтылар жасалатын болады. Біз тәжірбие жинау үшін біздегі сияқты қоқыс өңдеп жатқан барлық мемлекет жұмыстарымен танысып, әлемнің 20 қаласында болдық. Бірнеше мемлекетке арнайы барып қайттық. Соның ішінде, Прибалтика елдерімен, Түркиямен тәжірби алмасқаннан кейін, олардың жіберген қателіктерін түсінгеннен кейін, осы зауыттың жобасына кірістік», – деді «Тәртіп» АҚ Басқарма төрағасы Айбек РАХИМОВ.
Айта кетейік, EXPO-2017 және «Алматыны дамытудың 50 жоба-драйвері» атты қалалық бастамасы аясында «FalconEuroBus» қазақ-неміс компаниясы электробустар автопаркі мен зауыт салуды аяқтап қалды. Алғашқы кезде өндіріс көлемі 20 пайыз болса, біртіндеп үлесі де арта бермек. Жобадағы жеке инвестиция көлемі 15 миллиард теңгені құрайды. Сонымен қатар, жыл аяғына дейін газбен жүретін 200 автобусқа қызмет көрсететін жаңа коммуналдық автопаркті іске қосу жоспарланған. Бұл жобалар қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға бағытталған.
Жадыра Омаржан, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы