Дүниежүзіндегі ең ірі спорт кешені саналатын «Медеу» мұз айдынының миллионыншы қонағы анықталды. Айы аяқ асты оңынан туған жолы болғыш адам - Кенжегүл Жөнкешева есімді қала тұрғыны. Биыл «Медеу» мұз айдынының құрылғанына 45 жыл толып отыр. Бірақ кешеннің қызметкерлері миллионыншы келушіні соңғы төрт жылдағы санақ бойынша анықтапты. Себебі оған дейін ресми түрде нақты статистика жүргізілмеген екен.
Мұндай тосын сыйға сенбеген Кенжегүл Жөнкешева қаламыздың жоғары оқу орындарының бірінде сабақ береді екен. Студенттерімен бірге келген мұғалім бастапқыда мұндай күтпеген оқиғаны шәкірттері арнайы ұйымдастырған деп бой бермеді. Алайда шын мәнінде тарихи оқиғаның себепкері болғанын толық сезінгенде қуанышын жасыра алмады. «Медеу» тарапынан тұрғынға соңғы үлгідегі смартфон мен мұз айдында 10 рет тегін сырғанауға арналған абонемент сыйға тартылды.
«Өте қатты толқудамын. Бұндай ұтыс болады деп ойламадым. Өзім Медеуге жылына 3-4 рет келіп тұрамын. Студенттерім сабақтан кейін Медеуге барамыз дегеннен кейін келдік. Бүгін өте жылы, ауа райы жақсы», - деді Кенжегүл ЖӨНКЕШЕВА
Биыл 45 жыл толған ірі кешенге келуші саны енді ғана миллионға жетіп жатқаны қалай деген сауал тууы мүмкін. Негізінде, бұл санақ тек соңғы төрт жылдағы көрсеткіш екен. Медеуге келушілердің статистикасы 2013 жылдан бері ғана жасалса керек.
«Біз басқарма болып 2013 жылы құрылдық. Оған дейін бізде қанша адам келгені туралы нақты статистика болмап еді. Содан бері төрт жыл өтті. Осы жылдар аралығында ресми түрде санақ жүргізіліп, енді миллионыншы келушінің кім екенін анықтайтын күн туды», - деді «Медеу» мұз айдынының маркетинг бойынша директоры Әйгерім НИЯЗБЕКОВА.
Мұз айдын бір күнде 10 мыңнан астам адамды қабылдауға қауқарлы. Тіпті былтыр бір күнде 13 мың адам келіп, рекорд орнатқан екен. Қыс әлі толық түсе қоймаса да «Медеу» мұз айдыны демалысқа шыққан оқушылар үшін таптырмайтын демалыс орнына айналған. Мәселен кеше 100-ге жуық бала мұзда тегін сырғанауға мүмкіндік алған. Мұндай жеңілдік, әсіресе, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары мен ата-анасыз қалған оқушыларға беріліпті.
«Мен коньки тепкенді ұнатамын. Спортты да жақсы көремін. Мен осы жаққа келгеніме қатты қуанып тұрмын», - деді оқушы Тимур ӘБУ.
Коньки тебемін деушілер арнайы нұсқаушы мамандардың көмегіне жүгіне алады. Мұнда, мұз айдынында еркін сырғанауға үйрететін 20 инструктор жұмыс істейді. Олар кешкі сағат 7-ден 9 аралығында келушілерге өз қызметін тегін ұсына алады.
Назкен Байтілес, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы