Алматыда жаңа сот медицина орталығы салынуы мүмкін. Өйткені, қазіргі қолданыстағы ғимараттың әбден тозығы жеткен. 83 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан нысанның ескі екеніне депутаттар да келіп көз жеткізді. Кезек күттірмейтін мәселе екенін түсінген халық қалаулылары жақын арада мұны үкіметте талқылайтындықтарын жеткізді.
«Депутаттық сауал жасайық. Мұнда Әділет министрлігінің адамдары тұр. Терретория сақталған. Өте дұрыс. Мұның көлемі бәрі жеткілікті. Бірақ ереже бойынша, мынаның бәрін алып тастап, бұл жерге жаңа сотмед орталық соғу керек. Қала үлкен. 2 миллионнан астам халқы бар. Сонау кезде бұл жерде крематорий керек деп те көтергенбіз. Кейбір іздеушісі жоқ өлі денелерді не істейміз? Хирургтар ота жасағаннан кейін кейбір органдарды алып тастаймыз. Оны не істейміз? Оны да утилизяция жасау керек. Оның бәрі үлкен проблема», - деді Қазақстан Республикасы Парламент мәжілісінің депутаты Зәуреш АМАНЖОЛОВА.
Алматы қаласының қақ ортасында орналасқан орталыққа күніне кем дегенде 15 мәйіт әкелінеді екен. Мұнда қала мен қоса облыстан әкелінген мүрдені де қатар қабылдайды.