«Нұрлы жер»: қолжетімді баспананың бағасы мен басты шарттары қандай?

29.08.2018 16:46

Жыл соңына дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспанаға мұқтаж азаматтар қоныс тойын тойламақ. Бағдарламаның операторы – «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі».  Пәтер кілті қай ауданнан табысталады деп күтілуде? Бағасы қандай болмақ? Осы және өзге сауалдарға «Тұрғынүйқұрылысжинақ банк» акционерлік қоғамының Алматы қаласындағы филалының басқарма басшысы Мақсат Нұрланұлы ТҰРҒАНБЕК жауап бермек.


– Мақсат Нұрланұлы, биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша кезекте тұрған қанша азамат «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы баспанаға қол жеткізе алады?

– Үстіміздегі жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 1546 пәтер тапсырылмақ. Демек, жылдың соңына дейін 1546 отбасы өзінің қоныс тойын тойламақ. Бұл бағдарлама аясында жергілікті атқарушы органда, демек, әкімшілікте кезекте тұрған азаматтар 50 пайызын, қалған 50 пайызын ҚТҚЖБ салымшылары алады. Айта кетейік, Алматы қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үйдің 1 шаршы метрі 180 мың теңгеге дейін тұрады. Бұл бағдарламаға қатысу үшін үміткер келесідей талаптарды орындауы керек. Ең алдымен, ол ҚР азаматы немесе оралман мәртебесін алған азамат болуы керек. Екіншіден, отбасы мүшесінің соңғы 5 жылда ҚР аумағында жеке үйі болмауы керек. Содан соң Алматы қаласында кем дегенде, 2 жыл тіркеуде болуы керек.  

– Пәтер кілті табысталатын баспаналар қай ауданнан берілмек? Қандай класқа жатады?

– Бүгінгі таңда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жылдың соңына дейін Алатау ауданындағы «Саялы» ықшамауданында үйлер берілмек. Бұл үйлер 4-ші санаттағы үйлер болып есептеледі. Шаршы метрі – 159 мың 109 теңге. Айта кететін жағдай, үстіміздегі жылдың 11 қыркүйегіне дейін банктің «Баспана.кз» порталы арқылы пәтерлерге өтініш беріп, конкурсқа қатыса аласыздар.

– Төлем қабілеттілігіне келсек, осы рәсімді азаматтар қалай өтеулері қажет? Қарапайым мысалмен есептеп берсеңіз.

– Мысалы ретінде, осы «Саялы» ықшамауданындағы 1 бөлмелі пәтерді алайық.  Саялы ықшамауданында 1 бөлмелі пәтердің бағамы – 6 миллион 100 мың теңге шамасында болады. Несиеде бірінші 6 жарым жыл бойы ай сайынғы төлемі 53 мың теңге. Қалған төлем 31 мың 600 теңгені құрап отыр. Бұл бағдарлама жанұяның қалтасына өте тиімді болады. Ең бастысы, алғашқы жарна 20 пайызды құрауы керек. 1 бөлмелі пәтердің алғашқы жарнасы 1 миллион 200 мың теңгені құрайды.

– Маңызды мағлұматыңызға, тұрғындарға берген тұщымды ақпаратыңызға көп рахмет!