Жамбыл облысындағы «Отар» әскери базасында Елбасы - ҚР ҚК Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысуымен жауынгерлік парад басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қымбатты қазақстандықтар, сардарлар мен сарбаздар! Қадірлі ардагерлер! Баршаңызды Отан қорғаушы күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Баһадүр бабалар Ұлы Даламызды ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, бізге аманат етіп қалдырды. «Ұранды елдің ұрпағы айбарлы келеді» деген дана халқымыз. Бүгінгі айбынды армиямыз үшін елдің тыныштығын сақтап, Тәуелсіздіктің қорғаны болу мәртебелі зор міндет. Жаужүрек жауынгерлердің көтеретін жүгі ауыр. Бірақ ол абыройлы борыш, қастерлі парыз. Қарулы Күштеріміз халқымыздың сенімді тірегі, мемлекеттің берік қалқаны», - деп атап өтті Елбасы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 3 мыңнан астам сарбаз парадқа жіті дайындықтан өтті.
Әскери база аумағында жауынгерлік техниканың арнайы көрмесі көпшілік назарына ұсынылған. Парадты тамашалауға келгендер осы көрмедегі соңғы үлгідегі әскери технологияларды тамашалауда. Дәстүрлі түрде жеке құрам салтанатты маршпен жүріп өтеді. Парадқа 300-ден астам әскери техника, 40-қа жуық авиация техникасы қатысады. Армиялық бөлімшелер әскери техниканың заманауи үлгілерін іс жүзінде қолдану тәсілдерін көрсетеді деп күтілуде.