Бүгін бас қалада Елбасының қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысы қатулы форматта өтті. Дәстүрлі түрде өтетін алқалы жиынға алдыңғы шептегілердің тай-туяғы қалмай жиналыпты. Өткен жылдың біраз былығы қайта қаузалып, шенділер сыннан көз аша алмады. Бірінен кейін бірі сүрінген ақ жағалылардың біразы тіпті соңғы ескерту алды. Президент облыс әкімдерін де сыбап тастады.
Бұл жолғы отырыс Ақордада емес, тікелей Үкімет үйінде өтті. Елбасы жиналысты көтеріңкі көңіл күйде бастағанымен, ешкімді аямады. Өткен жылы атқарылған жұмыстарды ең алдымен Бақытжан Сағынтаев баяндады. Қысқа ақпарға тоқталсақ, былтыр жалпы ішкі өнім 4 пайызға өскен. Оның 60 пайызын шикізаттық емес тауарлар құраған. Сыртқы сауда 25 пайызға артып, 69,5 миллиард долларға жеткен. Негізгі капиталға салынған инвестиция - 5,5 пайызға артса, жеке инвестиция - 6,9 пайыз болыпты. Инфляция 7,1 пайызға төмендеген. Ал мемлекеттік қарызға келер болсақ, жалпы ішкі өнімге шаққанда ол 26 пайыздан аспайды. 2017 жылы республикалық бюджетке түскен кіріс 26,3 пайызды құраған. Премьер-министр сонымен қатар, мемлекеттік әлеуметтік жағдайларға да тоқталды. Өткен жылы елімізде зейнетақы 20, бала туылуына берілетін бір-реттік жәрдемақы - 27 пайыз, жұмыссыздық- 4,9 пайыз деңгейіне тоқтаған. Қысқа баяндама тәмамдалғаннан кейін, Президент өз Жолдауының қаншалықты іске асып жатқанын сұрады.
«Соңғы Жолдау нәтижесі бойынша Үкіметте жалпы ұлттық бағдарлама қабылданды. Сала-сала бойынша көрсетілген 10 тапсырма бойынша әрбір министр жобалық кеңсе арқылы тапсырмалар берілді», - деді ҚР Премьер министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
«Жарайды, жақсы. Жақсы баяндадың. Бірақ өзіне деген сыни көзқарас жоқ»,- деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ
Бастама жақсы-ақ еді. Дегенмен «Жарайсың» деген жылы лебізді барлығы ести алмады. Себебі, Ұлттық банк төрағасы сыннан сүрінді. Екінші деңгейлі банктердің жауапсыздығы Президент көңілінен шықпады. Аз уақытта банкротқа ұшырап, талайды сан қақтырған мекемелерге қатаң бақылау жүргізу керектігін баса ескертті. Болмаса, халық пен мемлекет қаржысына қол сұқпауы тиіс- деді. Осы жерде Әблязовтың жағдайы мысалға алынды.
«Біз осы мәселені қашан шешеміз? Баршаның көз алдында Әблязов бастаған топ мемлекет пен халықтың ақшасын қолды етті. Бүкіл дүниежүзі бойынша біз бұл қарекеттің мемлекет қаржысын жымқыру екенін анықтап, дәлелдедік. Ал қазір қалай? Банк ашады. Халық, ұлттық компаниялар барып ақша құяды. Ал акционерлер болса, ол қаржыны қалтасына басып отыр. Ұлттық банк аузын ашып қарап отырады», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Елбасы жалпы алғанда аталмыш шенділердің жұмысына көңілі толмады. Оның ішінде Бақыт Сұлтановқа қырғидай тиді. Осыған дейін игерілмеген мемлекеттік қаржы бойынша бір рет ескерту алған министр бұл жолы тағы да осы мәселеге қатты сын астында қалды. Үшінші ескерту министрді қызметінен босатуы мүмкін. Нұрсұлтан Назарбаев өз кезегінде Қаржы министрінің бақылау органдарының тексерісі азайып, салық жүйесінде 600 адам қысқарады деп уәде бергенін еске түсірді.Дегенмен адам саны қысқармаған.
«Бүгін кедендік рәсімдеу слайдында жақсы көрсеткіштер көрсетілген. Егер өзге жұмыстар бойынша қысқаратын болса, осыны орында! Мен саған екінші рет ескерту жасап отырмын. Үшіншісі сен үшін соңғы болуы мүмкін», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Осы тұста республикалық маңызы бар жолдарды салу жағдайы да ұмытылмады. Осы бағытта бақылау жүргізіп отырған Жеңіс Қасымбектің ведомствосын қатты сынға алынды. Осыған орай, «Казавтожол» компаниясының айналасындағы жемқорлық деректерді де еске салды. Әрі, Вице-премьерге біраз тапсырма жүктеді.
«Бізге министрлік не қажет? Егер бюджет шығынын бақылауда ұстай алмайтын болса. Бұл сенің кемші тұсың. Тас жолдардың сапасын арттыру қажет. Асқар Ұзақбайұлы республикалық маңызы бар тас жолдарға есептелген қаржыны аймақтық жолдарды салуға жіберуге де болады», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Бұл жағдайға қатысты Тамара Дүйсенова жауап берді.Президенттің «Жұмыстан шаршаған боларсың» деген сауалынан кейін ол біраз есеңгірепте қалды. Тіке қойылған сұрақ, әлеуметтік медициналық сақтандырудың толыққанды іске аспауынан туындапты. Осы тұста, Ерболат Досаев сақтандыру жүйесінің міндетті түрде 2019 жылы іске қосылатынына уәде берді.
«Біз Сізге әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін тағы бір жылға ысыруға рұқсат беруіңізді сұраймыз. Демек, оны 2020 жылы емес, 2019 жылы толыққанды іске қосамыз дегім келеді», - деді ҚР Вице-премьері Ерболат ДОСАЕВ.
Президент сонымен қатар, жағармай тапшылығын да тілге тиек етті. Әрі, мұнай өңдеу зауыттарын тездетіп қайта жөндеуден өткізу маңыздылығын атап өтті. Одан өзге, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы кеңінен қарқын алып, әр министр не үшін қажет екенін жатқа білуі тиіс екенін ескертті. Яғни, кез келген сала электрондық форматқа ауысып, жұмыс тиімділігі артуы басты міндет. Осы тұста Елбасы облыс әкімдерін де аямады. Себебі Денсаулық сақтау саласында ақпараттық жүйені кей әкімдер толыққанды іске қоспаған. Оның ішінде Шығыс Қазақстан, Ақмола мен Ақтөбе облысы кірді. Бүгінгі алқалы жиыннан кейін ауыз-түйіс те болыпты. Президенттің Жарлығымен Тамара Дүйсенова Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр қызметінен босатылып, оның орнына Мәдина Әбілқасымова тағайындалған. Айта кетейік, Мәдина Әбілқасымова осыған дейін Ұлттық экономика Вице-министрі қызметін атқарып келген.