Елбасы Алматыдағы жаңа инфрақұрылым нысандарын аралады

09.05.2018 в 20:13

Мейрам қарсаңында Алматыға жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше нысанға барып, қалада атқарылып жатқан жұмыстармен етене танысты. Жаңадан бой көтерген медициналық орталықты аралады.

Мемлекет басшысы 2017 жылы ашылған «Керуен-Medicus» медицина орталығының қызметімен танысты. Клиникада нақты уақыт режімінде 3D-форматындағы күрделі операциялар жасалады. Медициналық орталық Кореяның, Германияның, сондай-ақ Еуропаның жетекші клиникаларымен кадр даярлау жөнінде ынтымақтастық орнатқан.

Нұрсұлтан Назарбаев жаңадан салынған «Эйс» теннис орталығында болды. Жалпы көлемі 8100 шаршы метр болатын спорт кешенінде «хард»  жабындысы төселген 4 жабық және 6 ашық корт бар. Барлық корт халықаралық талаптарға сай келетін жарық беру жүйесімен қамтамасыз етілген. Бұл жаз мезгілінде халықаралық деңгейдегі турнирлерді өткізе алатын Алматыдағы бірден-бір теннис орталығы. Спорт нысаны жеке инвесторлардың қаржысына салынған.

«Мен өзім тенниспен 5 жасымнан бастап айналысамын. Бұл теннис орталығы маған өте қатты ұнайды және ыңғайлы. Себебі мен осы Мамыр ықшам ауданында тұрамын. Күнде тенниске өзім жаяу келемін», - деді Анель ДӘУРЕНҚЫЗЫ.

Сондай-ақ Елбасы SmArt.Point стартап алаңының жұмысымен танысты. SmArt.Point жобасы - Алматыдағы технологияларды дамытуға арналған кеңістік. Онда жоғары технологиялар мен креативті бизнес саласында жұмыс істейтін 40-қа жуық компания орналасқан. Олардың жиынтық ақша айналымы 100 миллион доллардан асады. Және бір артықшылығы -нысан аптаның  жеті күнінде 24 сағат бойы қызмет көрсетеді. Президент мемлекет тарапынан «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының іске асырылуына зор мән беріліп отырғанын атап өтті.

«Егер адам жеке кәсіпкер болып жұмыс істеп жатса, ол бір күндік немесе бір айлық абонементтерді алып, осы жерге келіп жұмыс істей алады. Бұл коворкинг орталыққа тек жұмыс орны кірмейді, оның ішінде спорт зона, асхана кіреді», - деді SmArt.Point орталығының қызметкері Әлішер АЙТУОВ.

Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласының спорт инфрақұрылымын, медициналық қызмет көрсету және цифрландыру нысандарын аралап көргеннен кейін қала әкімін қабылдады. Бауыржан Байбек өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны, басты мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысы және алдағы жоспарлары жөнінде баяндады.

«Алматы еліміздің ең ірі және әсем қаласы болып қала бермек. Сол себепті әкімдік қалаға деген жанашырлығын көрсете отырып, шынайы ықыласпен жұмыс істеуі керек. Мен жолдардың, мектептер мен балабақшалардың жөнделіп, әлеуметтік инфрақұрылымның жақсара түскенін, сондай-ақ жаңа аудандардың пайда болғанын көріп отырмын. Бұл жұмысты тұрақты түрде жүргізу қажет», - деді Қазақстан Республикасының Президенті  Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.


Теги: объекты