Алматыға жұмыс сапарымен Мемлекет басшысы келді. Президент ат басын әуелі Наурызбай ауданының әкімшілік ғимараттар кешеніне бұрды. Қаланың сүт кенжесі полицентристік стратегиясы аясында қарқынды дамып келеді. Үш жыл ішінде мұнда салық түсімдері 11 есе артып, шағын және орта бизнес субъектілері төрт есеге өскен. Мектептер мен емханалар бой көтеріп, мемлекеттік жекеменшік-серіктестік аясында ондаған балабақша салынды. Елбасы аудан тұрғындарымен кездесіп, толғантқан мәселелерін тыңдады.¤
¤Қалаға қосылғанына 3 жыл толған Наурызбай ауданы аз уақытта қарыштап дамып, еңсесін тіктеді. Мемлекет басшысы бұған бүгін толық көз жеткізді. 153 гектар аумақта бой көтерген әкімшілік орталық барша халықтың игілігі үшін жұмыс істеуде. Тұрғындар өздеріне қажетті қызмет түрін алу үшін көп уақытын сарп етпейді. Аудандық әкімдік, Халыққа қызмет көрсету орталығы, сот, прокуратура, Мемлекеттік кірістер басқармасы мен АХАЖ бөлімі де осында. Десе де, ірі құрылыс мұнымен шектелмейді. Жуық арада мұнда тұрғын үйлер мен балабақшалар салынбақ. Жаңа спорт және мәдениет нысандары пайда болады.
Ұзындығы 1 шақырымнан асатын Абай даңғылы ауданның жаңа әкімшілік ғимараты маңынан өтеді. Маңызды торап ауданды қаламен жалғайды. Президент өз кезегінде аталмыш тас жолды кеңейту мәселесін қадап айтып, инфрақұрылымды әрмен қарай дамытуды тапсырды.
Жас ауданды дамытып, қатарға қосу үшін қазынадан қыруар қаражат жұмсалды. 3 жыл ішінде ауданда 2 мектеп, 3 емхана, 17 спорт және балалар ойнайтын алаңдар салынған. 33 балабақшаның құрылысы мемлекет-жекеменшік серіктестігі аясында жүзеге асқан. Бұдан бөлек, аудан халқы 100 пайыз көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Ал ауыз су мәселесін толық шешу үшін бюджеттен жарты миллиард теңге бөлінді.
Мемлекет басшысы жұмыс сапары барысында Наурызбай ауданындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында кәсіпкерлер салған 500 орынды жаңа емханамен де танысты. Заманауи емдеу мекемесінде 30 мыңнан астам тұрғынға медициналық көмек көрсетіледі. Жауаптылар Елбасыға жуық арада «Қалқаман» шағын ауданында тағы бір медициналық мекеменің ашылатыны және «Тау самалы» шағын ауданында да емхана құрылысы басталатынын жеткізді. Мемлекет басшысы қаланы кеңейте отырып, тұрғындардың жағдайын жасау бірінші кезектегі мәселе екенін баса айтты.
Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы