Елбасы ғалымдардың зерттеулеріне қосымша гранттар бөлуді тапсырды

23.02.2017 в 14:48

Үздік ноу-хау жобалардың авторлары шетелде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алады. Нұрсұлтан Назарбаев ғалымдар мен тың жоба авторларының зерттеулеріне қосымша грант бөлуді тапсырды. Мемлекет басшысы Алматыдағы Ұлттық ғылым академиясының 70-жылдығына орай ұйымдастырылған салтанатты шараға қатысты. Алқалы жиында еліміздің және ТМД елдерінің ғалымдары ғылым саласындағы бірқатар өзекті мәселелерді талқылады.

Қазақстандық ғалымдардың зерттеулерінің көбі елеусіз қалады. Олар өз жобаларын белсенді патенттеуде, әйтсе де кәсіпкерлер тарапынан тапсырыс жоқ. Ғылым негізінен мемлекет есебінен қаржыландырылуда. Енді «Ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» жаңа заң шеңберінде шығынның басым бөлігі жеке инвесторлардың мойнына жүктелетін болады. 

«Дамыған мемлекеттерде ғалымдарға тапсырысты бизнес сектор ұсынады. Ол елдерде тәжірибелі конструкторлық зерттеу-жобалардың үлесі 60 пайызды құрайды. Ал мемлекет зерттеулердің тек 30 пайызына жуығын қаржыландырады. Онда да ең негізгі дегендерін. Сәйкесінше, қолданбалы жобалармен жеке сектор айналысады»,- деді Қазақстан Республикасының президенті, Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Одан өзге, елбасы пиар-саласында озық мемлекеттерден үлгі алу қажеттігін ұсынды. Оның айтуынша, ғылыми ортадағы монополия осы күнге дейін тиімсіз екендігін дәлелдеді. Бүгінде ғылымды ілгері жылжытып, дамыту жолында ассоциациялар, жоғары оқу орындары мен корпорациялар, институттар, кішігірім фирмалар және жеке ғалымдар жұмыс істеуде. Мемлекет басшысы қазақстандық ғылыми жұмыстарда плагиаттың да орын алатындығын ескеріп өтті.

«Отандық ғылымды дамытудың бағыттарын түбегейлі өзгертетін кез жетті. Ғылыми мақалалардың жартысына жуығы ағылшын тілінде жариялануы керек. Олар электронды форматта да қолжетімді болып, әлемдік ақпарттар базасына енгізілуі тиіс. Бұл жаһандық ғылыми кеңістікке енуіміз үшін қажет»,- деді Қазақстан Республикасының президенті, Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Ғылым мен экономика тығыз байланысты болуы керек. Сондай-ақ, жаңа жобалар ел экономикасына пайда әкелуі тиіс. Осылайша,  ЭКСПО нысандарының бірінде жаңа стартап жобаларды зерттейтін технопарк ашылмақ. Сондай-ақ, елбасы үздік зерттеушілерге қосымша гранттар тағайындау, сонымен бірге Орталық Азия елдерінің жас ғалымдарына Қазақстанда ғылыми зерттеу жүргізу үшін грант бөлу мәселесін зерделеу жөнінде тапсырма берді.¤

«Ғалымдар мұнайды 95 пайызға дейін қайта өңдеп шығаруды және Евро-5 стандартындағы жанармай шығаруды қамтамасыз ететін, тиімділігі аса жоғары катализаторлар ойлап тапты. Металлургия саласындағы жаңа зерттеулердің нәтижесінде 217 таза металл, оның қорытпасы мен наноұнтақ алынды. Еліміздің жоғары оқу орындары ғалымдарымен электрлік автобус жасалды»,- деді ҚР ҰҒА президенті, Мұрат ЖҰРЫНОВ.  

70 жыл ішінде академия көп ғылыми саланы басқарды, оны бүкіл дүниежүзі мойындап отыр. Елімізде, әсіресе геология, тау-кен жұмысы, металлургия жақсы дамыған дейді мамандар.

«Тау-кен саласындағы зерттеулер бұрынғымен салыстырғанда оны жер астынан алудың тәсілдері басқаша, олардың бәрі механикаландыру, роботтандыруға байланысты жүріп жатыр қазір көп жерде. Біздің ғалымдар өндірістегі істеп жатқан  мамандармен бірігіп, осы салады көп еңбектер атқарды»,- деді ҚР ҰҒА академигі, Баян РАҚЫШЕВ.¤

Мемлекет бұдан әрі де жаңа бастамаларды қолға алған ғалымдарды қолдамақ. 2020-ші жылға дейін ғылымды қаржыландыру көлемі ішкі жалпы өнімнің 2 пайызын құрамақ. Бұл Батыс Еуропа елдерінің деңгейіне жақындауға септеседі.

Сая Меңдеке, Ялкунжан Ашимжанов, «Алматы» телеарнасы