Елімізде тіркелетін қылмыстық және әкімшілік үдерістерді электронды форматқа көшіру керек. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бас прокурорға осындай тапсырма берді. Елбасы, жаңа тәсілге көшу арқылы - ұзақ қаралатын істерді тез әрі бұқпасыз шешуге болатынын айтты. Бұл - азаматтардың құқығын қорғауға да септеседі. Электрондық формат туралы президенттің биылғы халыққа жолдауында да айтылған. Қазір прокурорлар Елбасы пәрменін мүлтіксіз орындауға жең түре кірісіп кетті.
«100 қадамды, 5 реформаны нақты орындасақ, межесіне келеміз деп ойлаймын. Жоғарғы сот жағынан, прокуратура жағынан. Екінші мәселе - Конституциялық реформаның ішіндегі өзгерістер. Осылардың барлығын қарау керек. Істелетін жұмыс көп»,- деді Қазақстан Республикасының президенті, Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Егемендік алған жылдан бері елімізде қылмысқа баратындар саны азайған екен. Есесіне, абақтыда мерзімдерін өтеп жатқан адамдар саны күрт қысқарыпты. 90-шы жылдары Қазақстандағы түрмелерде 100 мыңға жуық адам отырса, қазір олар 36 мыңға сиреген.
«Бізде жыл сайын 500 мың қылмыстық іс тіркеледі. Бұл шетел елдерімен салыстырғанда төмен көрсеткіш. Мәселен, Германияда 6 жарым млн, Францияда 3 млн қылмыс жасалады. Бұл елдермен салыстырып отырған себебім - біздің қылмысты тіркеу жүйеміз ұқсас»,- деді ҚР бас прокуроры, Жақып АСАНОВ.
¤