Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні Астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешітіне келген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды мұсылмандардың ұлық мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Құрметті отандастарым! Баршаларыңызды бүгінгі мұсылмандардың ұлық мерекесі - Құрбан айт күнімен құттықтаймын. Менің Жарлығыммен бұл күн бүкіл мұсылмандарға, халқымызға, Қазақстанға жұмыстан елдер босатылып, осы намазын, парызын орындасын деп, мейрам деп жарияланған. Осы айлардың ішінде халқымыз намаз оқып, құлшылық жасап, Алладан тілек тіледі. «Құрбан» деген сөз – Аллаға жақындау деген сөз. Қолынан келетін азаматтар құрбан шалып, тілегін тілеп жатыр. Бұл – Алланың көрсеткен жолы, Пайғамбардың ізі. Әрқайсыңыз елдің тыныштығын, бала-шағаның аманшылығын ойлап, намаз оқып, тілеу тілеген шығарсыздар. Сол тілектің барлығы елімізде орындалсын», – деді Президент құттықтауында.
Елбасы өз сөзінде Құрбан айт – қазақтың дәстүрімен үндес мереке екенін атап өтті.
«Бұл біріншіден, елдің бірлігі, болашағы, екіншіден иман, қанағат, қайырымдылық дегенді білдіреді. Бұл күндері ағайын-туысқан бір-бірімен қауышып, бір-бірінің үйінде дәм татып, кемтарларға көмектесіп, жақсылық жасайды. Осы күні қазақтың азаматтары «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен өзінің туған жеріне, ауылына жақсылық жасап, қаражатын салып, аурухана, балабақша, мектеп барлығын жасап жатыр. Осы қайырымдылық та сауапты болады деп есептейміз. Оны жалғастыра беру керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент сонымен бірге, ең бастысы еліміздің бірлігі екенін атап өтті.
«Мұсылмандық деген – қандай ұлт болсын барлық мұсылмандар бір-бірімен бауыр-туысқан болып саналады. Соны ұмытпауымыз керек. Осы қағидатты біз де ұстап келе жатырмыз. Жақын арада бізде Дүниежүзілік діндер басшыларының алтыншы съезі өтетін болады. Қазақстанымыздың жері қасиетті деп, елдің бәрі жиналады. Себебі, бізде бірлік бар, ауызбіршілік бар, бір-бірін сыйлау, құрметтеу бар. Қадірлейді біздің халқымызды. Қорықпай келіп, өздерінің жұмыстарын атқарады. Сондықтан Құрбан айт құтты болсын. Құрбан шалу – тек қана қолынан келетін азаматтардың жасайтын ісі болады. Құрбан мерекесі – тек құрбан шалумен аяқталмайды, қай жерде жүрсе де адамның ниеті, көңілі таза жүру керек. Сонда барлығы қабыл болады. Денсаулық, бала-шағаңызға, жанұяңызға береке-бірлік, баянды болашақ тілеймін», – деп түйді Президент.