Назарбаев Дін істері және азаматтық қоғам министрін қабылдады

07.03.2017 15:14

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевты қабылдады. Кездесу барысында Мемлекет басшысына Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қызметі мен алдағы жұмыс жоспары туралы есеп берілді. Елбасы мемлекеттің дінге және діни ұйымдарға, діни экстремизммен күрес шараларына қатысты жүргізіп отырған саясатына айрықша назар аударды.

«Қазіргі қалыптасқан ахуалға байланысты осындай министрлік құрылды. Министрлікке артатын үміт үлкен. Бұған дейін бізде мұндай министрлік болған жоқ. Дінді басқарып отырған азаматтармен бірге жұмыс істеу керек, азаматтық қоғам, жастардың шаруасы, тәлім тәрбие мәселесі», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Нұрлан Ермекбаев Елбасына өзі басшылық ететін саладағы жағдайдың тұрақты екені туралы хабарлап, бүгінде елімізде қызметін жүргізіп отырған  18 конфессияның 3600-ден астам діни бірлестігі бар екенін айтты. Министрдің ақпараты бойынша, бірлестіктердің көбі ислам дініне тиесілі.

«Қазір біздің басты мақсатымыз - сол дін саласында этнос және конфессияаралық келісімді, татулықты сақтап, өзіміздің Қазақстанға тән мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы өз жүйемізді, қарым-қатынасты қалыптастыру. Бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Министрлік құрылғалы бері барлық ұйымдастырушылық-кадрлық мәселелер шешілген. Бірінші күннен бастап, сол негізгі жұмыстармен белсенді түрде айналыса бастадық», - деді  ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан ЕРМЕКБАЕВ.