Назарбаев Астанада «Нұр Отанның» саяси кеңесінің отырысын ашты

02.06.2018 01:09

Шаруаларға үлестірілетін жердің кімге беріліп жатқандығы ашық болу керек. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесінде айтылды. Нұрсұлтан Назарбаев бастаған жиында еліміздің цифрландыру мәселесі, Қазақстанда бизнеске қарастырылған жеңілдіктер мен баспана жайы сөз болды.

Жыл сайын өтетін партия өкілдерінің жиынында Президент әдетте атқарылған іске тоқтап, елдегі жағдайды анықтайды. Саяси ұйымның соңғы басқосуында Нұрсұлтан Назарбаев саясат пен экономикалық және рухани жаңғыру аясындағы жұмыстарды пысықтап, кеңес бюросының құрамына өзгертулер енгізу туралы мәселелер қозғаған еді. Бұл жолғы әңгіме кәсіпкерлерден басталды. Президент оларды мемлекетімізді ұстап тұратын діңгеке теңеді.

«Мемлекеттің тұрақтылығы бизнеске байланысты. Орта шаруалардың өзінің ісі болатын болса, сол істеп жүрген жері болатын болса, ол мемлекеттің тұрақты болуына әсер етеді»,-деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Елбасы көтерген тағы бір  мәселе - шаруалардың жерге деген қолжетімділігі. Оның кімге, қалай табысталып жатқандығы ашық болу керек. Бұл істе жемқорлыққа жол берілмеуін меңзеді Президент.

«Жер дегенде бәрі жабысып қалады, шешпейді. Анау да бергісі келмейді, мынау да бергісі келмейді. Ашық болу керек. Қайда жер бар, қалай сатылып жатыр, кімге сатылды, неге басқаға бермей оған сатылды, жаңағы жерде бәсеке болды ма, жоқ па? Сонда жемқорлық та болмайды. Мәселе тек шаруалардың жер алып жұмыс істеуінде емес, мәселе әрқайсысы шенеуніктің артынан жүретінінде. Ал ол бергенін жақсы көріп тұрады, ол бекерге бермейді. Барлық бәле сол жерде. Біреуге рұқсат беретін болсақ, сол рұқсат үшін бірнәрсе жасап бер деп тұрады. Әкімдерге осыны дұрыстау керек деп қанша айтып келе жатырмын»,- деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Отырыста цифрландыру мен IT саласы мамандарын дайындау да сөз болды. Бұл мәселелер партияның жіті назарында. Мысалы, алдағы уақытта Үкімет, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы мен әкімдер бірлесіп, цифрлық ортаны дамыту үшін екі жобаны қолға алмақ. Әуелі, мектептерде бір мың тегін IT сыныптарын ашу көзделген.

«Екінші жоба ІТ-мамандарды даярлауға негізделген. Бұл тұрғыда ақпараттық технологиялар саласында білікті мамандардың пулын құруға бағытталды. Оның аясында қазақстандық ІТ-компаниялар мен өңірлік ЖОО базасында 20 ІТ-орталықты ашу көзделіп отыр. Осы орайда жылына 35 мыңға тарта адамды, оның ішінде жұмыссыз әрі өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастарды оқыту ескерілген»,-деді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен ӘШІМБАЕВ.

Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысының басшысы Жансейіт Түймебаевқа өңірдегі жемқорлық деңгейін қадағалауды тапсырды. Мектеп тазалаушының өзі пара арқылы жұмысқа орналасатынын естідім деді. Ал, Әсет Исекешевті, керісінше, мақтады. Шаһардың 20-жылдық мерейтойы алдында жақсы нәтижеге қол жеткізген әкімнен үлгі алу керектігін тілге тиек етті.

«Алға қойған жоспарларды қалай орындау керектігі туралы Астана лайықты үлгі көрсетіп отыр. Егер осының бәрі жүзеге асса, басқалар үшін бұл жақсы үлгі болмақ. Бүкіл Қазақстан сенен үлгі алады деп ойлаймын»,- деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Көптің көңілінде жүрген мемлекеттік «7-20-25» бағдараламасы да ұмыт қалмады. Елбасы Қазақстандағы әр отбасы, әсіресе, жастар, ұстаздар, дәрігерлер мен аз жалақы алатындар баспаналы болуын қадағалау керектігін айтты.

«Біз ең бірінші жастардың баспаналы болуына мүмкіндік береміз, содан соң ешқандай пәтері жоқтарды қамтимыз. Біз бұл бағдарламаны бүгінде ешқандай баспанасы жоқтар үшін жасадық. Пәтері барлар ақша тауып, сатып ала алады. Біз барлық ақшаны, отбасында жұмыс істейтін екі адамның еңбекақысын есептедік. Ипотекалық кредит мөлшері максимум 7% болады. Пайызы төмендеуі үшін алдағы уақытта жұмыс істейміз. Кредит үшін төлейтіндерге арзан болу түсу бұрындары алғашында 50% жарнаны талап еттік, қазір 20% болды. Бұрын максиум 10 жылға несие берсек, қазір 25 жылға дейін беріледі»,- деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Партия төрағасы елдегі білім алып жатқан студенттердің жатын орындарына да тоқталды. Елімізде 75 мың орынға арналған жатақхана салынбақ. Осылайша, кәсіпкерлік пен цифрландыру аясы мен өскелең ұрпақтың білім алу жағдайы талқыланған басқосуға Нұрсұлтан Назарбаев «жақсы» баға берді. Әрі әрбір берілген тапсырмаға өзім бас-көз боламын деп, тарасты.


Теги: кеңес