Елбасы 12 жарым млрд доллар шетелдік шоттарда жатқанын мәлімдеді

Елбасы 12 жарым млрд доллар шетелдік шоттарда жатқанын мәлімдеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шетел асқан қаржы - елге қайтарылсын. Индустрияландыру күні шеңберінде өткен жалпыұлттық телекөпір кезінде  мемлекет басшысы үкіметке осындай тапсырма жүктеді. Нұрсұлтан Назарбаев отандық 18 компанияның 12 жарым миллиард долларға жуық қаржысы шетелдік шоттарда жатқанын мәлімдеді. «Бұл капитал ел экономикасына сүбелі инвестиция болар еді», - деді Президент. «Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы» тақырыбымен өткен телекөпір барысында Елбасы елімізге маңызы зор индустриялық-инновациялық, инфрақұрылымдық, энергетикалық, агроөнеркәсіптік жобаларды іске қосты.

Президент өзі қатысқан телекөпірде бірінші болып Ақмола облысы сөз алды, жеткен жетістіктерін жіпке тізіп кәсіпорындарын таныстырды. «ҚазақАлтын» таулы-металлургиялық концерні» өңірде алтын шығаратын ірі кәсіпорынды іске қосты

«Бүгінгі күні алтын біздің валютамыздың негізі болып отыр. Қазақстанның әр жерінде 150-ден артық кен орны бар. Соның барлығын өзіміздің компаниялар игеретін болса, еліміздің байлығы одан ары көтерілетін болады. Төрт тонна алтын шығаратын болса, үлкен жоба саналады. Мен өте қуаныштымын. Барлықтарыңызды құттықтаймын! Қосыңдар», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ. 

Қазақстанда 2017 жылдың басынан бері жалпы сомасы 1,9 триллион теңге құрайтын 127 өндіріс орны ашылған. Олардың арасында Атыраудағы жылына 6 мың тонна металл құрылғыларын шығаратын зауыт та бар.

«Біз мұнай-газ саласының халықаралық жобаларындағы отандық компания үлесін арттырғымыз келеді. Президент мырза! Өндірісімізді іске қосуыңызды сұраймыз», - деді «ЖігерМұнайСервис» ЖШС директоры Рафик МҰХАТОВ.

«Біз мұнай мен газға бай ел саналамыз. Бүгінде күн тәртібінде біздің шикізаттарымызды қайта өңдеу мәселесі тұр. Сол арқылы қосылған құнын арттырып, мол қаражат табу қажет. Сондықтан бұл нысандар өте маңызды», - деді НАЗАРБАЕВ.

Индустрияландыру картасы аясында жоғарыда аталған нысандардан бөлек, Қарағанды облысында ескі көліктерді өңдеумен айналысатын зауыт, Павлодар өңірінде маңызды алюминий өндірісі қолға алынса, әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсететін «Эйр Астана» авиациялық техникалық орталығы ашылды.¤¤

Жиында Президент ел экономикасының түйіткілдеріне бөлек тоқталды. Әсіресе, шетелде ақшасын тыққан бай-манаптар жайы ерекше аталып, оларға ескертпе жасалды. Нұрсұлтан Назабаев «бүгінде 18 отандық компания 12,5 млрд долларды шетелде ұстап отыр», - деді. Соңғы жарты жылдың ішінде мемлекетке қарасты компаниялар шекара асқан қаржысын 2 млрд доллардан 6 млрд-қа дейін ұлғайтқанын да айта кетті. Елбасы қаржыны қайтару мәселесін Үкімет басшысы Бақытжан Сағынаевқа тапсырды. «Бұл мәселе бойынша өзгерістер болмаса, өзім айналысам», - деді.

«Ақшаны қайтармаса, мен олармен басқаша сөйлесемін. Осыны бүкіл Қазақстанның алдында ескертіп қояйын. Біз ол ақшаны қайтарудың жолын табамыз. Бірақ ол кезде сіздер болмайсыздар. Сіздерге жаман бір нәрсе істейміз деп отырған жоқпын. Мемлекет сіздерге ақша табуға жағдай жасады. Сіздер болса, ол ақшаны мемлекеттен тығып отырсыздар. Олай болмайды. Жетеді осымен», - деді Қазақстан Республикасының Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев тауарлары қауіпсіз әрі сапалы деген кәсіпорындарды «Алтын сапа» сыйлығымен марапаттады. Биыл үздіктер қатарында қосындыланған алюминий өндіретін, қауіпсіз қалдықтарды өңдеу және жоюмен айналысатын, химия өнеркәсібіне қатысы бар серіктестіктер үздік деп танылды. Бұл күні Астана қаласының әкімі  Әсет Исекешев де бизнес жүргізудің жеңілдігі бойынша өңірлерді бағалаудың жаңа рейтингінде жеңіске жеткені үшін Елбасы қолынан сыйлық алды. Президент ЭКСПО біткенімен, технологияларын елімізде енгізілу жұмыстарына байланысты сын айтып, оларды жүйелі түрде қолданысқа енгізу қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы шенеуніктер мен компаниялар басшыларын цифрландыру үдерісіне ерекше назар аударуға шақырды. Жалпы, телекөпірде Елбасы «индустрия», «инновация» деген әркім «жасай салатын» дүние еместігін айтты. Ол үшін тиісті қаражат, мамандар керек. Мемлекет те дайын болуы керектігін бас айтты. Сонымен қатар, ақшаны білектің күшімен кенді қазып, далаға шығаратын ел болмай, ақылмен табудың жолына түсуге шақырды.

Нұржан Сәдірбай, Нұрлан Өтегенов, АТ  Астанадан

Новости партнеров