Алматы халыққа қолайлы қала болуы тиіс. Алматыға жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы осылай деді.
Нұрсұлтан Назарбаев қаланың басты құжатымен танысу үшін, «Алматы Бас жоспары» ғылыми зерттеу институтына барды. Тоғыз қабатты су жаңа ғимаратта қаланың сандық геоақпараттық орталығы жұмыс істейді. Бірінші қабатта «Алматы сәулетінің тарихи мұражайы» орналасқан. Онда келушілер алып шаһардың қалыптасуын қола дәуірінен бастап, бүгінге дейін қалай өзгеріске түскенін цифрлық форматта тамашалай алады. Әрі қала тарихындағы маңызды құжаттардың куәсі болады. Мұражайды аралаған Елбасы Алматыға ағылатын адам санының болашақта тағы өсетінін айтты. Сондықтан мегаполистің бас жоспарындағы негізгі міндеттерді нақтылады.
«Біз қаласақ та, қаламасақ та, жұрт Алматыға ағылып келе береді. Міне, сол келіп жатқан адамдарды қайда сыйдырамыз? Қаланың бас жоспарын жасағанда осы туралы, қаланың болашақ дамуы туралы ойлану керек. Әрине, қаланың ішінде орын да қалған жоқ. Бірақ отандастарымыздың өз үйін салып алуына мүмкіндік беру керек, қала іргесінің маңынан жер телімдерін беру керек. Сонда олар баспаналы болып, өз жағдайларын жасап алады», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Бұдан өзге, мемлекет басшысы ғимараттың екінші қабатында орналасқан қаланың сандық 3D-голографиялық моделі мен ситуациялық орталығын көрді. Жаңадан ашылған бұл орталықта қаланы тиімді басқаруға арналған ауқымды мәліметтер жиналған. Яғни, мекемеден алысқа ұзамай-ақ қаладағы автотрафик, қоғамдық көліктегі жүргіншілер ағынының күнделікті көлемі, мектеп пен балабақшалардың жүктемесі әрі қылмыстық ахуал жөніндегі мәліметтерді мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.
Айта кетсек, Нұрсұлтан Назарбаев қала тұрғындарының саны өсіп, оның аумағы ұдайы кеңейетінін ескеріп, қаланың бас жоспарын әзірлеуге жауапты институтты қалпына келтіруді тапсырған болатын. Мемлекет басшысы «Алматы Бас жоспары» ғылыми-зерттеу институтын аралап көрген соң, қаланы әрмен қарай дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.