Алматыда әйелдердің ақшасын алдап алып кететін алаяқ ұсталды

17.08.2018 23:39

Алматыда жер телімдерін алып беремін деп миллиондап ақша алып, алдап кеткен ер адам ұсталды. Бұл туралы қалалық Ішкі істер департаментінің ресми өкілі хабарлады.

Әуезов ауданы полицейлерінің мәліметінше, 29 жастағы Ғазиз Наурызбаев бірнеше рет алаяқтық жасады деген күдікке ілінген. Тергеу барысында оның үш алаяқтық дерекке қатысы бар екені анықталыпты. Бір қызығы, барлық деректе  күдіктінің құрбаны әйелдер болған. Олардың бірі Наурызбаевқа шамамен, 11 миллион теңге беріпті. Қазіргі уақытта ер адам қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.  

«Наурызбаев есімді азамат әйел азаматшалардың сеніміне кіріп, нәтижесінде, жер учаскесін алып беруге мүмкіндігім бар деген сылтаумен олардың қомақты сомаларын қолды қылған. Уақыт өте келе өз уәдесінде тұрмаған. Нәтижесінде, азаматшалар полицияға шағым түсірді. Екі күннің ішінде азамат Наурызбаев табылып, сотталған болатын. Қазіргі таңда ол қамауға алынды», – деді Алматы қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.