Балалары оқу грантына іліне алмаған ата-аналар мен жаттықтырушылар бүгін наразылық танытты. Айтуларынша, кішкентайынан спортпен айналысып, ел намысын қорғап келген оқушылар білім және ғылым министрлігі өзгерткен баптың кесірінен оқуға түсе алмаған.
Тығырыққа тірелген талапкерлер осы уақытқа дейін еңбектеніп жеткен атақ-дәрежелерінің ескерусіз қалғанына қапалы. Ал мықты мамандарды дайындайтын академияның басшылары грантқа түскендердің көбі спортқа қатысы жоқ жандар деп отыр.
Тобымен бірге тығырыққа тіреліп тұрған жастардың бір бөлігі – республикалық спорт мектебінің түлектері. Әупірімдеп дамып келе жатқан бессайыс түрін еркін меңгерген қыз-жігіттер осы уақытқа дейін Өзбекстан, Таиланд, Ресей сынды көптеген елдерде өткен халықаралық жарыстардан талай мәрте топ жарған. «Санаты жоғары бәсекеден жүлде алып, ел намысын қорғасақ, оқуға да жол ашылады деген үмітіміздің үзілгеніне өкпеліміз» дейді спортшылар.
«Мен бессайыстан жастар арасында Қазақстан чемпионы, Азия ойындарында жеңімпаз атандым. Қазан айында жасөспірімдер арасында өтетін Олимпиадаға қатысамын. 114 балл жинасам да, грантқа ілінбедім», – дейді Әділ ИБРАГИМОВ.
«Біз бессайыстан Азия чемпионы болдық. Осы уақытқа дейінгі еңбегіміз үшін осы оқу орнында оқитын шығармыз деген едік. Грантты қысқартқандықтан, ешқайсымыз түсе алмадық. Біз де білімімізді ары қарай жалғастырғымыз келеді», – деді ЛЮДМИЛА ЯНОВИЕВА.
Балалары грантқа ілінбей қалған ата-аналар Туризм және спорт академиясының алдында таңнан жиналып, тағаттарының таусылғандығын, тығырыққа тірелген балаларына биліктің көмек көрсетуін сұрады. Шәкірт тәрбиелеп келе жатқан жаттықтырушылар да жағдайдың қиын екенін жеткізді.
«Менің балам спорттың волейбол түрімен айналысқан. Қазақстан бойынша бес дүркін чемпион атанған. Халықаралық жарыстардың чемпионы. КМС қорғап алды. Менің жоғары жақтан сұрайтыным, спорт саласында жүрген жасөспірімдерге көңіл бөлінсе екен деймін. Өйткені, олар Қазақстанымыздың болашағы», – дейді ата-ана Қанағат ӘБДІРАСЫЛҰЛЫ.
Туризм академиясына жиналған талапкерлердің көбі бергісі – аудан, арғысы – жасөспірімдер арасында өткен халықаралық бәсекелерден жеңімпаз атанғандар. Бірақ шілде айында білім туралы заңға енген өзгеріс олардың көп жылғы еңбектерін жоққа шығарды дейді академия басшылығы. Бір ай бұрын ғана тараған талап бойынша, 26-баптың 5-тармағына сәйкес, жалпы білім беретін мектептердегі түлектерден кім жоғары балл жинаса сол грантқа ілінеді.
«1122 талапкер-спортшы тіркелген болатын. 1 мың 122 адамның, жоғарғы жетістіктегі спортшылардың 107-сі ғана осы 450 гранттан алып отыр. Яғни, 343 талапкердің дайындық деңгейі төмен немесе кейбіреуінің спортқа қатысы жоқ деп айтуға болады. Яғни, олар балының жоғары болуына байланысты осы білім гранттарын иемденіп отыр. Әрине, бұл кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Себебі, түспей қалғандардың көпшілігі – кішкентай кезінен бастап спорттың қыр-сырын меңгерген балалар», – деді Қазақтың спорт және туризм академиясының проректоры Мұхтар ЕСҚАЛИЕВ.
Академия басшылары мен жаттықтырушыларының айтуынша, биылғы жылға дейін халықаралық және республикалық жарыстардың жеңімпаздары атанған жоғарғы дәрежедегі спортшылар оқуға түскісі келсе, олардың жетістігіне басымдық беріліп келген. Алдағы өмірлерін тек Спорт академиясында жалғастырғысы келген талапкерлер тым болмағанда, ақылы оқуға жеңілдік жасалса дейді.
Әмірболат Құсайынұлы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы