Ерлан Сағадиев ОҚО-дағы 7 жасар балаға қатысты пікір білдірді

20.03.2018 02:24

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Абай ауылының  7 жасар оқушысына қатысты дерек расталатын болса, біраз жауапты қатаң жаза тартылады. Бұл туралы бүгін Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлімдеді. Айта кетейік, бүгіндері Астанаға жеткізілген оқушы медициналық сараптамалық тексеруден өту үшін енді Алматыға аттанбақ. Мұндай мәліметті қазіргі кезде отбасын қорғауға алған  «Ана үйі» қоғамдық қоры өкілдері таратты.

Қоғамды дүрліктірген 7 жасар балаға қатысты дерек уақыт өте жаңа қарқын алуда. Алғашқы кезде  «Асыл бала» балаларға арналған орталығының қарауында болған жеткіншек бүгіндері анасымен жүздесіп, «Ана үйі» қоғамдық қорының қарамағына өтіпті. Отбасының сенімді өкілі Құрманғазы Мусирдің сөзінше, бұл оқушы мен анасының қосылуына үлкен мүмкіндік берген. Айта кетейік, оқиға өрбіген тұста, зардап шеккен баланың қасында алғаш әжесі болған еді.

«Алғашқы кезде біз «Асыл бала» орталығына өтініш жасаған болатынбыз. Осы тұста анасының баламен кездесу барысында біраз кедергілер туындап, 5 сағатқа созылды. Біз заң аясында күрестік. Нәтижесінде олар енді бірге», - деді отбасының сенімді өкілі Құрманғазы МУСИР.

«Ана үйі» қоғамдық қоры өкілі Анар Рахымбаеваның сөзінше, алғашқы кезде БАҚ-да тараған біраз мәлімет шындыққа жанаспайды, -дейді. Демек, бала мен әжесі алғашқы кезде «Асыл бала» балалар орталығына орналастырылған екен. Тек кейіннен «Ана үйі» қоғамдық қорына ауыстырылыпты -мыс.

«БАҚ-да бала «Ана үйінде» деген ақпар тарады. Кейіннен журналистер біздің пиар қызметіне хабарласып, мәлімет беруді сұрады. Ал біз бұл ақпардың шындыққа жанаспайтынын түсіндірдік. Кейіннен Аружан Саин хабарласып, анасын күтіп алып, бақылауға алуды өтінді. Біз кездесуді ұйымдастырдық», - деді «Ана үйі» қоғамдық қорының атқарушы комитет төрайымы Анар РАХЫМБАЕВА.

Дәл осылай демалыс күні өткен брифинг кезінде жағдайдың беймәлім тұстары ашылды. Әрі бала өтетін медициналық тексеру жұмыстары Астана да емес, Алматыда өтетіні белгілі болды.

«Анасының өтініш бойынша қазіргі кезде баланың әжесі мен әпкесі Астанадағы туған-туыстарының үйіне орналастырылған. Алматыға олар бірге барады. Бас прокуратурамен өтетін кездесуден кейін,  біз оларды сол жаққа аттандырудың жолдарын шешеміз», - деді «Ана үйі» қоғамдық қорының атқарушы комитет төрайымы Анар РАХЫМБАЕВА.

Бас прокуратураның назарына іліккен бұл мәселе шешусіз қалмасы анық. Осыған орай, біз істің мән-жайын Білім және ғылым министрінен де біліп көрдік. Бас кезде «бұл дерек шындыққа жанаспайды» деген аталмыш ведомство сағат сайын сұхбат беруді жөн санамады. Әрі, қажетті қадамдар тек құзырлы орган шешімінен кейін қолға алынатынын жеткізді.

«Қазір прокуратурамен бірге жұмыс жасап жатырмыз. Сағат сайын шығып интервью беру. Баланың ең алдымен жағдайын ойлап. Сондықтан ол керек емес. Ең алдымен прокуратураның, Ішкі істер министрлігі жұмыстарын бітірсін. Әрі қарай біз өз жұмысымызды бастаймыз», - деді ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан САҒАДИЕВ.

Айта кетейік, бүгінгі таңда осы дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалып, жағдай құзырлылардың қарамағына өткен. Осыған дейін Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Абай ауылының № 73  және  №74 мектеп директорлары тергеу аяқталғанша қызметінен шеттетіліп, орта білім беру ошақтарына жауапты полиция қызметкері,өз ісіне ат үсті қараған үшін мүлде  жұмысынан босатылған болатын.

Назым Мәлікқызы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы Астанадан