Алматыдағы коттедждер балабақшаға айналып жатыр. Соңғы бір айда қалада қаңырап қалған зәулім үйлер сатып алынып, үш бөбекжай ашылған. Бұл үрдіс балабақша кезегінде тұрғандардың тізімін төмендетсе, әрі жер бөліп, жаңа ғимарат салу сынды қосымша жұмыстарды қажет етпей, мемлекет қаржысын үнемдеуге де септігін тигізеді. Шағын орталықтардың жұмысымен танысқан қала әкімі шаһарда мемлекеттік жеке меншік әріптестік бағдарламасын бұдан әрі де дамыта беру керектігін айтты.
«Мамыр» ықшамауданындағы үш қабатты коттеджінің балабақшаға айналғанына екі апта ғана болған. Қожайын кезекке тұрған бала санының көп болуы тағы бір орталықтың ашылуына мұрындық болды дейді. Жарық әрі жайлы балабақша жасау үшін коттеджді сатып алған жас кәсіпкер тек жөндеу жұмыстарына 12 миллионнан астам қаржы жұмсаған.
«Осы үйді ақшасын 20 жылға бөліп төлеу арқылы алғанмын. Айына 550 мың банкке кредит төлеймін. Екі ай жөндеу жұмыстарын жасадық. Екі айда 12 миллион. Оған құрал-жабдық кетті», - деді балабақша меңгерушісі Самал ЖҰМАБЕКОВА.
Орталықта 35 бала бар.Қосымша сабақтар мен тамақты қосқанда әр бала үшін ата-ана айына 32 мың теңге төлейді. «Балапан» бағдарламасына өткізген құжаты мақұлданса, төлем құны азайып, мемлекет ай сайын әр бүлдіршін үшін 24 мың теңгеден беріп тұрмақ. Төменгі қабаттағы мына спорт залы бұрынғы қожайын кезінде биллиярд ойнайтын орын болған. Түгел өзгертілген жертөлеге жылы еден төселіп, қазір бүлдіршіндер билеп жүр.
Жуырда жөндеу жұмысы жүргізіліп, бүлдіршіндерді қабылдап жатқан тағы бір орталық 60 орынға арналған. Әр сәби үшін айлық қызмет құны 40 пен 60 мың теңге аралығында. Жекеменшік балабақша «Балапан» бағдарламасына қатыссақ төлем құны ата-аналар үшін екі есеге дейін төмендемек дейді.
Балабақшадағы ерекше сабақтың бірі - құм терапиясы деп аталады. Бала өзін қалаған түсті таңдап, құм арқылы өзіне ұнаған затты салады және қандай сурет салғанын мынандай экран арқылы көріп түсіндіріп беруге тырысады. Тәрбиешілердің айтуынша, бұндай сабақтан соң баланың ашуы басылып, өмірге деген қызығушылығы артатын көрінеді.
Ғарыш, хайуанаттар әлеміне енгендей әсер беретін сенсорлық кабинет психологиялық ауырлықтан арылтады. Таэквондо, би, ән, логопед сынды оншақты қосыша үйірмелерді қоса үйрететін балабақшаның ашылғанына бір ай ғана болған.
«Біз ата-аналардың мүмкіндігіне де қараймыз. Төлеуге жағдайы келмесе, жалғыз басты ана болса төлем құнын түсіріп, келісімге де келеміз. Мемлекеттік бағдараламаға қатыссақ деп құжаттарды өткізіп қойдық. Мемлекеттің әр бала үшін беретін ақшасы әрбір ата-анаға жеңілдік әкелмек. Ал ғимаратты жалға алып, 10 миллион теңге шамасында қаржы жұмсадық», - деді балабақша меңгерушісі Фарида БАХТИОЗИНА.
Үш бөбекжайды аралаған әкім жыл сайын кезекке тұрған бүлдіршіндер санының азайып келе жатқандығын айтты. Мәселен, Бостандық ауданында осыдан екі жыл бұрын мектепке дейінгі мекемеге барғысы келетін бүлдіршіндердің саны 5 мыңнан асса, былтыр 24 орталықты ашудың арқасында кезектегілер саны 3 мыңға дейін қысқарған. Ал Әуезов ауданында 2015 жылы 800 орынға арналған 7 мемлекеттік, былтыр 21 жекеменшік балабақша ашылған. Соңғы уақытта бұрынан бар ғимараттарды қайта жаңартып, бөбекжайға айналдыруға басымдық беріліп келеді.
Әмірболат Құсайынұлы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы