Атлетикалық қалашық Универсиададан кейін мұқтаж жандарға үлестіріледі

26.12.2016 14:10

Тұрғын үй кезегінде тұрған алматылықтар алдағы уақытта тағатсыздана күткен пәтерлеріне қол жеткізе алады. Қаланың Алатау ауданындағы атлетикалық қалашық қысқы Универсиада ойындарынан кейін мұқтаж жандарға үлестіріледі. Ол үшін желтоқсанның 26 мен 30 аралығында тиісті құжаттарды жинап, egov.kz сайтына өтінішті жолдау керек. Екі мыңға жуық отбасының келесі жылдың көктемінде қоныс тойын тойлауы әбден мүмкін. Құжаттарды қайда, қалай өткізу керектігін және кімдер пәтер кезегіне тұра алатынын әріптесім тарқатып айтады.

Алматылық Алтынай күйеуі және кішкентай баласымен бірге бес жыл бойы бір бөлмелі пәтерді жалдап келеді. Мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер кезегінің тізіміне де енген. Енді кезектегілердің тездетіп пәтер алуға мүмкіндігі туды. Ол үшін желтоқсанның 26 мен 30 аралығында ХҚКО-нан электронды сандық қолтаңбаны алып, сол арқылы egov.kz сайтына өтініш беру керек.

«Мен Алматы әкімдігінде кезекте тұрмын. Отбасымда - мен, күйеуім және балам бар. «Алматы» телеарнасынан біз хабарландыруды көрдік, атлетикалық қалашығы бойынша қабылдау жүрейін деп жатқанын сол жөнінде ақпарат алуға келдім. Кеңесте қанша бөлмелі пәтерге беруге болады деп сұрадым, екі бөлмелі деді. Бірақ сол жөнінде әлі үйде ақылдасатын шығармыз. Өтініш беру бойынша ЭЦП кілт керек деді. Ол менде жоқ. Енді халыққа қызмет көрсету орталығына барып, кілтті ашамын», - деді Алматы қаласының тұрғыны Алтынай ЖҰМАЖАНОВА.

Өзге біреудің пәтерін паналағанша, өз үйіме ақша құйғаным дұрыс деп есептейтін Алтынайдың отбасы келесі жылдың көктемінде қоныс тойды тойлауы әбден мүмкін. «Қазақстан ипотекалық компаниясының» бағытында бойынша жергілікті атқарушы органда кезекте тұрғандар атлетикалық қалашықта 1748 пәтерге қол жеткізеді. Тапсырылатын үйлер әрлеуден өткен.

«Берілетін үйге қатысатын кісілер тұрғын үй басқармасында кезекте бар кісілер. Яғни, көпбалалы отбасылар, жалғызбасты аналар, толық емес отбасылар, отбасында мүгедек баланы тәрбиелеп отырған кісілер. 1, 2- топтағы мүгедек кісілер және де мемлекеттік қызметкерлер, бюджет аумағында істейтін қызметкерлер, әскери қызметкерлер. Осы айтылған кісілердің қатысуына мүмкіншіліктері бар», - деді Алматы қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бас маманы Әзірет ЕСЕЕВ.

Атап айту керек, бұған дейін кезекке тұрған адамдар құжаттарын талапқа сай жаңадан жинап, электрондық үкімет порталында өтініш қалдырулары тиіс. Ал, пәтерді  алдымен жалдап, бес жыл өткеннен кейін сатып алуға мүмкіндік туады. Жалпы жалдау мерзімі жиырма жылға дейін. Сондағы шаршы метрдің құны шамамен 1036 теңгені құрайды.


Әнуарбек Жәлел, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы