Алматылық экологтар салақ құрылыс компанияларының көбейгенін айтып, дабыл қағып отыр. Өйткені, олар қалдықтарды сыртқа шығармай, тура көшенің ортасына үйіп жатқан көрінеді. Түрксіб ауданындағы қобырсыған нысандардың бірін көрген табиғат жанашырлары жағаларын ұстады. Сан мәрте жасалған ескертуге құлақ аспағандарға бұл жолы ірі көлемде айыппұл салынды.
Түрксіб ауданында мемлекеттік бағдарлама бойынша үй салып жатқан құрылысшылар бұл маңды қоқыс полигонына айналдырып алыпты. Дәл осылай көшенің қақ ортасына қоқысты үйіп тастайды екен. Онда тұрмыстық қалдықтан бөлек, адам денсаулығына аса зиян құрылыстан қалған қалдықтар да шашылып жатыр.
Экологтар құрамында ауыр металдар бар құрылыс қалдықтарын далада ашық-шашық қалдыруға болмайды деп шыр-пыр болды. Ал құрылысшылардың ағаштарды қол жуғыш еткенін көргенде осыған дейін айтқан ескерту текке кетті деп налыды. Жұмысшылар қапыда келген табиғатты қорғайтын мамандарды күтпесе керек. Нысанды салып жатқан прораб әйтеуір әбден састы. Әуелден шашылып жатқан қоқысты "менікі емес" дегенге көшті.
¤Айналаны қатқыл қалдыққа көмгендерін құрылысшылар бірден мойындай қоймады. Басында айналамыз тиянақты дегендер осы аумақта бірнеше мекемелердің де жұмыс істеп жатқанын айтып, кінәні бір-біріне артқысы келді. Тек кейін ғана жіберген қателерін түсініп, ыбырсыған қоқыстарын жалма-жан жинай бастады. Оларға 227 мың теңге айыппұл салынды.
«Кінәмізді мойындаймыз. Бәріміз енді салдық қой енді. Просто құрылыс барысына үлгере алмай алынбаған қоқыстар бар. Бір жетінің ішінде тазалауға уәде беріп жатырмыз»,- деді Мердігер мекеменің өкілі, Асан МҰҚАШЕВ.
«Тура артында жаңағы водоохранная зона дейміз ғой. Судың ағатын жері бар. Сол жерлердің бәрін ластаған. Бүкіл жаңағы құрылыстан шыққан қоқыстың бәрін артына бұл кісілер тастай берген. Қоқыс мүлдем шығарылмаған. Бір жетінің ішінде біз өзіміз қадағалаймыз. Күнделікті осы жерге адам қоямыз. Қоқыстарын тазалап біткенше өзіміз осында боламыз»,- деді Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы, Қайрат ТОҚТАСЫНОВ.
Жыл басынан бері экологтар табиғатты қорғайтын полициямен бірге қала аумағын ластағандарға шамамен 85 млн теңге көлемінде айыппұл салған. Сондай-ақ, жеке және заңды тұлғаларға 3000-ға жуық ескерту жазып беріпті. Бірақ әзірге оны елеп ескеріп жатқандар аз.
Жадыра Омаржан, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы